Ержан Максим өзінің сәттілік санын айтты

15 Қараша 2019, 15:18
3557
Бөлісу:
Ержан Максим өзінің сәттілік санын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 24 қарашада Польшаның Гливице қаласында өтетін Junior Eurovisiоn музыкалық байқауында Ержан Максим Қазақстан атынан сынға түседі. Осы орайда жас әнші халықаралық байқауға дайындығы туралы ойымен бөлісті.

Қазіргі дайындығым өте керемет. Қазақстанның атынан бара жатқаннан кейін кішкене қобалжу бар. Не болатынын алда көреміз. Жауапкершілікті сезінемін, - деді жас әнші баспасөз мәслихатында.
Ол Австралия мен Польша елдерінің өнерпаздарының өнерін тамашалағанын және басты қарсыластары солар солар болуы мүмкін екенін айтты. 

Ержанның байқаудағы нөмірі екі бөлімнен тұрады. Сахнада сиқыр көрсетіп, бишілермен бірге билейді.  

Әншінің қай нөмірде өнер көрсететінін әзірге беймәлім, десе де ол жеребеде алты саны түскенін қалайды. Оның өзіндік себебі бар болып шықты.
Көп конкурста алты саны түсетін. Алты түсетін жерде әрдайым бас жүлде алып жүремін. "Славян базарында", "Бақытты бала" конкурстарында алтыншы номірді алдым, - деді ол.
Ержан өнер көрсетер алдында ритуалдар жасамайды. Анасының айтуынша "бір Аллаға сиынып, оң аяғымен "бісміллә" деп сахнаға шығады. 
Қазақта "Баласы жолға шықса анасы тақымын қысып отырады" деп айтады ғой. Жалғыз мен емес, қазақ елі бірге қобалжып, Ержан үшін уайымдап отыр деп ойлаймын. Көптеген адам қолдау білдіріп, бата беріп жатады. Баршаңызға алғыс айтамыз. Баламыз үлкен жауапкершілікті арқалап бара жатқаннан кейін өте қатты уайымдап, қобалжып жүрміз. Барлығы жақсы болады деген ойдамыз, - деді анасы Гүлмира Әлібек.
Айта кетсек байқауға Қазақстан екінші жыл қатарынан қатысқалы отыр. Ержан Максимге дауыс бері 22 қараша күні түнгі сағат 00:00-де басталып, 24 қараша күні кешке өтетін гала концертке дейін жалғасады. Байқаудың ақтық сыны 24 қараша күні Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де "Хабар" арнасынан көрсетіледі.
Өзгелердің жаңалығы