Ертіс өңірінде құстардың жаппай қырылуы тоқтады

14 Қазан 2020, 16:52
2245
Бөлісу:
Ертіс өңірінде құстардың жаппай қырылуы тоқтады
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде құс тұмауынан қанаттылардың жаппай қырылуы тоқтады. Бұл туралы сала мамандары мәлімдеді. 

Облыстың бас ветеринарлық-санитарлық инспекторы Рашид Нұрбековтің айтуынша, жойылған құстардың иелеріне өтемақы беру жұмыстары келесі аптада басталады. 

Құс тұмауы облыстың бес ауданында тіркелгені белгілі. Жеті елді мекен жоғары патогенді құс тұмауының ошағы деп танылды. Осы ауылдардың тұрғындарына өтемақы төлеуге республикалық бюджеттен 83 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Нақтырақ айтқанда, әр тауық басына - 1187 теңге, үйрек басына - 3516, қазға - 6500 және күркетауыққа 5000 теңгеден беріледі. Аймақ фермерлері түйеқұс та өсіреді. Бұл құс түрінде құс тұмауы анықталмағандықтан, алынған жоқ, - деп хабарлады Рашид Нұрбеков. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста құс тұмауынан 3 мыңнан астам қанатты өлді. Карантин енгізілген елді мекендердің тұрғындарынан 26 мыңнан астам құс алынып, толық жойылды. Ал құс фабрикаларында құс өлімі тіркелген жоқ. 

Мамандардың мәліметінше, құс тұмауымен күресу мақсатында 503 мың екпе дозасы әкелінді. Бүгінгі күнге дейін 500 мыңға жуығы қолданылды. Алдын ала болжам бойынша құс тұмауы жабайы қанаттылардан тараған. 

Еске сала кетейік, өңірде құс тұмауының алғашқы деректері 15 жыл бұрын тіркелді. Ертіс ауданының Голубовка ауылы ауру ошағы болды. 

Жалпы, аймақта жыл сайынғы эпизоотикалық жағдайға байланысты жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринарлық-алдын алу жоспары әзірленеді. 2020 жылғы жоспарға сәйкес сегіз аса қауіпті ауруға қарсы кешенді шаралар қолға алынды.

Өзгелердің жаңалығы