Бас жаңалықтар
Ерлан Қарин: Еңсемізді көтеріп, күресті жалғастыруымыз керек
VIDEO
13 Шілде 2020, 21:42 525

Ерлан Қарин: Еңсемізді көтеріп, күресті жалғастыруымыз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы коронавируспен күрес бойынша Үкіметке екі апта уақыт берді. Ал бүгін карантинді тағы екі аптаға ұзарту бойынша шешім қабылданды.

Демек, шілде айының соңына дейін Қазақстан Үкіметі коронавирус індетімен күресте нақты бір шешім шығаруы керек және сол шешімге сәйкес әрекет етуі керек.

Белгілі журналист Нартай Аралбайұлына берген сұқбатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, саясаткер Ерлан Қарин де осы екі апта біздің елдің коронавируспен күрестегі шешуші кезеңі болады дегенді айтады. Екі тәулікте 30 мыңға жуық адам қараған видео-сұқбатта қазіргі карантиндік жағдайға байланысты біраз ой айтылған.

 Олар әлі төтенше жағдай режимінде

Қазіргі кезде алдынғы шепте жүрген – дәрігерлер, полиция қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер. Бұлардың да жағдайын түсіну керек. Наурыз айынан бері олар төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп келеді. Иә, рас, ел бойынша төтенше жағдай режимі жоқ. Алайда, жүз мыңдаған мемлекеттік қызметкер үшін төтенше жағдай аяқталған жоқ. Олар, бір сөзбен айтқанда, соғыс жағдайында жұмыс істеп жатыр. Сенбі-жексенбісіз жүргеніне қанша ай болды. Біздің өзіміз сенбі-жексенбі күндері түнгі екі-үште үйге әрең жетеміз. Сондықтан да, бұл жерде барлығының да бастаған жұмыстарын аяқтауға, қате жіберген болса оны жөндеуге мүмкіндік беру керек. Ал осы екі апталық карантинде ештеңе өзгермейтін болса, немесе баяғы қателіктер қайталанатын болса, белгілі бір шешімдер қабылданады. Тағы қайталап айтайын, осы екі апта – Президент те өз үндеуінде айтты, – біз үшін шешуші сәт. Осы екі аптада жағдай тұрақтанбаса, одан кейін тұрақтануы күмәнді – дейді ол.


Жағдай әлі де күрделі

 Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі халық пікірі ескеріліп отырғанын жеткізді.

Әлеуметтік желіде түрлі посттарды, ақпараттарды көріп отырмыз. Рас, түрлі қателіктер кетті, келеңсіз жағдайлар орын алып жатты. Бірақ, бәрі күйреп, ыдырап, быт-шыт болып жатыр деп айтуға да болмайды ғой. Жұмыс істеліп жатыр, мемлекет барлық жағдайды өз бақылауына алды. Алайда, қазіргі жағдай жұмыстың басқаша әдістерін, басқаша шешімдерін талап етеді. Мәселе сонда – дейді саясаткер.

Ел еңсесін түсірмеуі керек

Бүгін Қазақстанда ел бойынша аза тұту күні өтті. Коронавирус індетінен көз жұмған жандарға бір минуттық тағзым жасалды. Ерлан Қариннің пайымдауынша, еңсе түсіріп, езіле беруден де келер пайда жоқ. "Нағыз бірлікті көрсетер сәт келді" дейді ол.

Соңғы аптада бір-бірімізді жұбатып, бір-бірімізге көңіл айтумен өтіп барады. Рас, жағдай қиын, күрделеніп барады. Бірақ еңсемізді түсіруге болмайды. Себебі күрес тоқтап қалған жоқ қой. Әлі жалғасып жатыр. Жағдай қиын. Егер бәріміз қара жамылып, қайғыға беріліп кетсек, онда жағдай тіпті бақылаудан шығып, ушығып кетуі мүмкін. Бірақ, бәріміз қалай болса да, еңсемізді көтеріп, осы індетті ел болып жеңіп шығуымыз керек. Бұл әдетте айтылатын, "бірлік керек", "ынтымақ керек" дейтін жалаң ұран, насихаттың сөзі емес. Әрине, тыңдап отырғандарға солай көрінетін шығар. Бәлкім, қайта-қайта айтып, бұл сөздердің қадірін кетіріп алдық па, кім білсін... Бірақ, шынымен де бірлік керек! Шынымен де ынтымақ керек! Себебі, дәл қазір бір-бірімізбен дауласып, есеп айырысып отыратын уақыт емес. Дәл қазір шынымен де бір-бірімізге қолдау керек! Әркім өз деңгейінде бір-біріне қолдау, көмек беретін кез – дейді Ерлан Қарин.

Қазіргі таңда елдегі індет жұқтырғандар саны 60 мыңға жуықтады. Ал көз жұмғандар саны 375-ке жеттсе, жазылып шыққандар 35 мыңға жуық.

Әрине, түрлі жағдай орын алды. Дегенмен, көп мәселе шешімін тауып, көп азамат емделіп шығып жатыр. Демек біздің мүмкіндігіміз бар. Біздің медицина қызметкерлерінің дайындығы да, біліктілігі де жоғары. Алла барлығымызға күш-қуат пен сабыр, төзім берсін! Бұл сыннан да өтетінімізге мен сенімдімін! – дейді Президент кеңесшісі.
 

Фото: ашық дереккөз
Видео: ашық дереккөз
Загрузка...