Президент сайлауы – 2019: Таразға ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары келді

17 Мамыр 2019, 19:58
2436
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019: Таразға ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары келді
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. 9 маусым күні өтетін саяси науқан кезінде сайлау комиссияларымен қатар, кезектен тыс Президент сайлауының өту барысы мен заңдылықтарын бақылайтын отандық сарапшылардан бөлек, шетелдерден келетін бақылаушылар да болады. Олардың алды қазірдің өзінде Тараз қаласына келіп үлгерді. 

Бірақ сайлау өтетін күні шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан қанша бақылаушы болатыны әзірге белгісіз. Деректерге сүйенсек, 2015 жылғы Президент сайлауына алыс-жақын шет елдерден 1 024 бақылаушы келген екен.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында орналасқан халықаралық бақылаушылар орталығында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан ұзақ мерзімге келген бақылаушылар Штефан Циглер мен Мария Элена Амадориді қабылдады. Комиссия төрағасы шетелдік бақылаушыларға сайлаудың дайындық жұмыстары туралы айтып, өңірдің тыныс-тіршілігімен де таныстырып өтті.

"Кезектен тыс Президент сайлауына байланысты өңірімізге шетелдік бақылаушылар келуде. Еліміз сайлау жүйесі бойынша бүкіл дүниежүзінің алдында сайлаушылардың негізгі құқығын қорғау туралы міндеттеме алған. Италия және Швейцария мемлекеттерінен бақылаушылар елімізде өтетін сайлаудың дайындығы мен оның заң талаптарына сай өтуін бақылау үшін келіп отыр. Ұзақ мерзімге келген бақылаушылар сайлау аяқталғанға дейін осында жұмыс істейтін болады", - деді Серғали Өмірзақұлы.

Басқосуда сайлауалды науқанның дайындығы бойынша пікір алмасып, комиссия төрағасы шетелдік қонақтардың сұрақтарына жауап берді. Енді олар алдағы күндері саяси науқанға байланысты кандидаттардың сенімді өкілдерімен кездесіп, олардың атқаратын шараларына қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік, Президент сайлауын белгіленген заң аясында демократиялық талаптарға сай өткізу үшін өңірдегі барлық сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқыту семинарлары ұйымдастырылуда. Ондағы мақсат – құқықтық сауаттылықтарын жетілдіру. Бұл жауапты тұлғаларға 9 маусым күні сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісін бақылауда ұстауға септігін тигізері анық.

Өзгелердің жаңалығы