Қажетті мәлімет алу үшін сауал хаттар жіберудің қажеті жоқ – Аймағамбетов

12 Мамыр 2020, 09:59
2892
Бөлісу:
Қажетті мәлімет алу үшін сауал хаттар жіберудің қажеті жоқ  – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрлігі тарапынан ҰБДҚ (Ұлттық білім беру деректер қоры) жүйесін жаңарту бойынша жүргізілген жұмыстар аяқталуға жақын. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Енді барлық өзекті ақпарат бірыңғай базада жинақталады, сондықтан қажетті мәлімет алу үшін сауал хаттар жіберіп, жауап күтуге уақыт шығындамауға болады. Мемлекеттік құрылымдардан (әкімдіктер, білім беру, полиция бөлімдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, ҮЕҰ, біліктілікті арттыру институттары мен әдістемелік кабинеттер және т.б.) келіп түсетін көптеген сауалға жауап дайындау қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік бермейді және уақыт шығынын талап етеді, - деп жазды министр өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Баланың балабақшадағы, кейін мектептегі, колледж немесе ЖОО-дағы үлгерімі жайлы ақпарат, білім беру мекемелеріндегі толық мәлімет базада қамтылады. Сондықтан, мектеп басшыларына сауал хаттарға жауап беруге уақыт жұмсаудың енді қажеті жоқ. 

Біз білім беру бөлімдері мен басқармаларына ақпарат қажет болған жағдайда білім беру мекемелеріне сауал жолдауға тыйым салдық. Дегенмен, әлі кейбір мамандар қажет мәліметті ҰБДҚ-дан алғаннан гөрі мектептерге сауал хат жіберуді оңай көреді. Бірақ, бұл әдеттен арылу қажет. Жаңа ережелерді елемейтіндерге әкімшілік және тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады, - деп жазды Аймағамбетов. 
Ақпарат қалай қолжетімді болмақ?

Әкімдіктер немесе санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, білім бөлімдері немесе полиция бөлімдері білім беру ұйымына сауал жібермей-ақ, өзінің логині мен паролі арқылы қажетті форматта білім беру ұйымдарына қатысты өзекті деректерді тікелей жүктей алады.

Ендігі басты міндет – бала басқа мектепке ауысса немесе жұмысқа мұғалім қабылданса, мәліметті бірден базаға енгізу арқылы жүйені нақты ақпаратпен қамтамасыз ету. 

Бұған дейін базаны толтыру жылына тек екі рет, күзде және көктемде жүргізілетін. Сәйкесінше, жүйедегі ақпарат жыл соңына қарай өзектілігін жоғалтатын. Нақты мәлімет алу үшін өзге ұйымдар мектептерге сауал хат жолдауға мәжбүр болатын. Енді ақпарат 24/7 режимінде толтырылып, жаңартылып отырады, - деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетерлігі, базаға ақпараттың басым бөлігін бұрынғыдай қолмен енгізіп отыру қажет емес. Себебі Ұлттық білім беру деректер қоры ЖТМДҚ ("Жеке тұлғалар" Мемлекеттік деректер қоры) сынды ақпараттық жүйелермен интеграцияланды. Сәйкесінше, белгілі бір адамның ЖСН мен аты-жөнін базаға жазсақ, қажет ақпарат шығады. 

ҰБДҚ мен ЖТМДҚ интеграциясы есебінен біз мектептерде 800 мыңнан астам оқушыға қатысты деректердің қайталануы жағдайын жойдық. Бір бала тек бір мектепте тіркелуі тиіс. Бұл жан басына қаржыландыру жүйесіне көшкен соң ерекше маңызды болып отыр. 
Көпшілікте дербес деректерді сақтау туралы сұрақ туындайды. Біз үшін ақпаратты қорғау – басымдыққа ие. Деректер қоры бөтен адамдардың араласуынан сенімді қорғалған және ақпаратқа тек рұқсаты бар шектеулі қызметкерлер санатынан басқа ешкім қол жеткізе алмайды, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы