Министр Жамбыл облысындағы іске асырылатын жобаның ауқымын кеңейтуді ұсынды

3 Тамыз 2021, 10:44
3523
Бөлісу:
Министр Жамбыл облысындағы іске асырылатын жобаның ауқымын кеңейтуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Жамбыл облысындағы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның ауқымын кеңейту жайын баяндады.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды табысы 39 мың теңгеден 115 мың теңгеге дейін, яғни 3 есе өскенін атап өтті. Дегенмен, 2020 жылдың қорытындысында, ауылдардағы үй шаруашылықтарының табысы 52,4 мың теңгені құрады. Бұл орташа ресупубликалық көрсеткіштен 15 пайызға (61,4 мың теңге), қалалардағы табыс деңгейінен 23 пайызға кем (67,6 мың теңге).

Ауылдық жерлерде күнкөріс деңгейінен аз табыс алатындардың үлесі қалалармен салыстырғанда 2 есе көп. Біріншіден, бұл ауылдарда жұмыс орындарының тапшылығына байланысты болып отыр. 1,2 млн адам немесе ауылда жұмыс істейтіндердің 30 пайыздан астамы өзін жұмыспен қамтыған халық санатына жатады (қалаларда өзін жұмыспен қамтығандардың үлесі 16 пайыз). Екіншіден, өткізу нарығы көлемінің салыстырмалы түрде төмен болуына байланысты ауылдарда қалалармен салыстырғанда кәсіпкерлікпен айналысу үшін мүмкіндік шектеулі, - деді Серік Шәпкенов.

Министрдің айтуынша, Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба аясында өндірушілер мен сатып алушыларды байланыстыру және ауыл тұрғындарынан өнімді кепілді сатып алу қамтамасыз етілді.

Бұл үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына пилоттық жобаға ерекше шарттарды көздейтін өзгерістер енгізілді. Атап айтатын болсақ: микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрады; алғаш рет бағдарлама бойынша микрокредиттер сенім білдірілген агент арқылы берілді; қайтарылған қаражат есебінен қосымша микрокредиттер беру тетігі қарастырылды. Пилоттық жоба 10 ауданның 11 ауылдық округінде іске асырылды. Нәтижесінде 2,5 мың отбасы немесе 14 мың адам тұрақты табыспен қамтамасыз етілді; кәсіпкерлер саны 966-дан 3 248-ге дейін өсті, яғни әрбір үшінші үй шаруашылығы кәсіпкерлікпен айналысады; жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тиісінше 2 және 3 есе қысқарды, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы