Елордада сауда орталығында вакцинациялау пункті ашылады

9 Сәуір 2021, 13:07
1760
Бөлісу:
Елордада сауда орталығында вакцинациялау пункті ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елордада сауда орталығында вакцинациялау пункті ашылатынын айтты.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен күрестің маңызды кезеңі – халықты вакцинациялау. Вакцинация маңызды профилактикалық шара және оның пайдасы ауырып қалу қауіпінен айтарлықтай зор.
Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 600 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының кем дегенде 60%-на вакцина жасау жоспарланған.

Бүгінгі таңда елордада 22 500-ден астам КВИ-ге қарсы вакцина алды. Бұл медициналық қызметкерлер, оқытушылар, құқық қорғау органдарының, дипломатиялық қызметтегі қызметкерлер және созылмалы ауруы бар адамдар. Вакцинадан кейін асқынулар тіркелмеген. Осы аптада қала тұрғындарының алдын ала жазылуы бойынша жаппай вакцинациялау басталды. Яғни коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алғысы келетін адамның барлығы өз еркімен жазылып, енді емханалардан шақыруды күтуде, - деді Тимур Мұратов.

Одан бөлек Денсаулық басқармасы астаналықтарды вакцинациялаудың алгоритмін жасады.

КВИ-ге қарсы екпені алғысы келетіндер екі жол арқылы өтініш қалдыра алады. Азаматтар eGov порталы арқылы өздеріне ыңғайлы уақытта және жерде вакцинация алуға өтініш қалдыра алады. Екпе жасайтын мекемелердің тізімі eGov порталында бар. Дәрігер азаматты вакцина алу тізіміне қосқан соң, оған жеке нөмірне смс-хабарлама келеді. Ол жерде уақыты, вакцинация жасалатын жердің мекен-жайы көрсетіледі, - деп атап өтті ол.

Вакцина алғаннан кейін азамат 30 минут бойы бақылауда болады.

Сондай-ақ халықтың екпе алуы қолжетімді болуы үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірге вакцинациялау пунктерін қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда Mega Silk Way СОСО-да барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты ескере отырып, халықты вакцинациялауға дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деп түсіндірді Тимур Мұратов брифингте.

СО-да екі бригада түске дейін және екі бригада түстен кейін жұмыс істейді. Бригадалар дәрігерлер мен медбикелерден құралған.

Еске сала кетейік, елімізде КВИ-ге қарсы вакцинациялау осы жылы 1 ақпанда басталды.

Өзгелердің жаңалығы