Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылы елордада қолжетімді тұрғын үй құрылысы үш есеге артатынын айтты.
Әлеуметтік жағдайды жақсартудағы негізгі мәселе халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету болып отыр. Биыл қолжетімді 2400 пәтердің құрылысын аяқтадық. Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмыс істейтін жастарға тағы 1050 пәтер сатып алынды. Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы әріптестерімізбен бірге "Нұрлы Ертіс" пен "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыру кезінде баспана мен жұмыс іздеген 1600 адам қоныс аударды. Олардың көп бөлігі Екібастұзға, қалған бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына көшті. Бұл жұмысты жалғастырамыз, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.
Көлгінов Президенттің тапсырмасымен келесі жылы қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін 3 есеге арттыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, қала әкімі елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, елордалық үлескерлердің мәселесі қалай шешілетінін айтты.