Елордада газ баллондар пайдаланатын 150-ге жуық нысан тексерілді

14 Желтоқсан 2020, 14:05
1761
Бөлісу:
Елордада газ баллондар пайдаланатын 150-ге жуық нысан тексерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада тұрмыстық баллондарды пайдалану талаптарын сақтау бойынша ведомствоаралық топ жұмысын жалғастыруда. Осыған дейін ТЖД, Тұрғын үй инспекциясы, өнеркәсіптік қауіпсіздік және полиция қызметкерлерінен құралған мамандар 147 түрлі субъектіде нұсқаулық өткізді. 

Оның ішінде 125 қоғамдық тамақтану нысаны, 11 АГҚС, 5 барақ үлгісіндегі үй, 6 жатақхана бар. Сондай-ақ, сауда үйлері мен базарлар иелеріне Zoom арқылы семинар өткізілді.

Егер аудандарды бөліп алатын болсақ, Байқоңыр ауданы бойынша - 46 қоғамдық тамақтану объектісі, Есіл ауданы бойынша - 21, Сарыарқа ауданы бойынша - 30 қоғамдық тамақтану объектісі, Алматы ауданы бойынша - 28 қоғамдық тамақтану объектісі және төрт жатақхана. Мысалы, Шұбар шағын ауданында - «Жираф», «Джеки Чан», «Саянұр» базарында, «Артем» сауда үйі бойынша жұмыстар жүргізілді. 147 нысанның шамамен 30%-ы электр энергиясына көшті, – деп атап өтті брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Құлбаев.
Сонымен қатар, азаматтар талап бұзу фактісін көрсете отырып, жазбаша өтініш берген жағдайда, Тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері әкімшілік шаралар қолдана отырып, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру шараларын ұйымдастыратын болады. Газды пайдалану, газбен жабдықтау жүйелері объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін:

жеке тұлғаларға – 7 АЕК,
шағын кәсіпкерлік субъектілерге – 10 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілерге – 15 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілерге – 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Естеріңізге сала кетейік, 21 қарашада Нұр-Сұлтандағы дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылғаннан кейін, елорда әкімі тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларды газбен жабдықтау жүйелерін қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырды. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен құқық қорғау қызметі енгізілді. Осы бағыт бойынша жұмыс тұрақты жүргізіліп келеді.


Өзгелердің жаңалығы