Еліміздің оқушылары халықаралық олимпиадада 11 медаль иеленді
13 Қараша 2021, 11:35 107

Еліміздің оқушылары халықаралық олимпиадада 11 медаль иеленді

Қазақстандық оқушылар Өзбекстанның Ферғана қаласында физика пәні бойынша халықаралық олимпиадада 11 медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынында 2 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль бар. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Әл-Ферғани атындағы бірінші олимпиада 8-13 қараша аралығында ұйымдастырылды. Зияткерлік байқауға 18 елден, соның ішінде Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Румыния және тағы басқа елдерден 130-ға жуық оқушы қатысты.

Әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша халықаралық олимпиада екі кезеңде өтті. Біріншісі кезеңде - жазбаша жұмыстар, ал екіншісінде практикалық жұмыстар қаралды.

Жеңімпаздардың қатарында, алтын медаль - Әлішер Еркебаев, Нұрдәулет Назарбай, күміс медаль - Даниил Шатохин, Оразхан Хайдар, Дінмұхаммед Сапыбек, Ердәулет Нахып, Бернар Шамгонов, Диас Еспан, қола медаль иегерлері - Бексұлтан Шәріп, Асқар Қасымов, Нұржан Хасенов бар. Оқушылар олимпиададағы жеңістерін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап отыр.

Олимпиададағы бәсекелестік өте жоғары болды, өйткені қатысушылардың басым бөлігі физика бойынша халықаралық олимпиада (IPhO) рейтингінде алдыңғы қатарда. Біздің балалар тамаша нәтижелер көрсетіп, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты көрсете білді. Қазір Білім және ғылым министрлігінің "Дарын" орталығы оқушыларымыздың халықаралық олимпиадаларға қатысуына жағдай жасау үшін әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларды өткізу бойынша жұмыс істеп жатыр, - деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.


Фото: дереккөз
Загрузка...