Бұл сұраққа Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы министрі шенеуніктердің ең төменгі және ең жоғарғы жалақыларының шегіне тоқталды.
Жалақының көлемі еңбек өтілі мен кәсіби біліктілігіне байланысты белгіленеді. Менің ойымша, олардың (министрлердің – ред.) ең төменгі жалақысы – 500-600 мың теңге, ең жоғарғы жалақы еңбек өтіліне байланысты. Ол шамамен 1,7 млн теңгеге дейін барады, - деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар «Сіздің жалақыңыз 1,5 млн теңге екенін білеміз. Сіздің басшыңыз – Премьер-министр Әлихан Смайылов қанша алады?» деп сұрады тілші.
Бұл сұрақты Әлихан Асханұлының баспасөз қызметіне қойғаныңыз жөн. Мен сіздің жалақыңызға қызықпаймын ғой. Егер Әлихан Асханұлы рұқсат берсе, мен айтайын, - деді Ерұлан Жамаубаев.
«Үкімет мүшелерінің ең жоғарғы жалақысы 1,7 млн теңге болса, Әлихан Смайыловтың жалақысы сондай ғой?» деп нақтылады тілші.
Алатын шығар. Мен нақты айта алмаймын. Мен өз жалақымды айттым, тек өзім үшін жауап беремін, - деді Қаржы министрі.
Айта кетейік, елімізде 19 министрлік бар.