345,7 млн еуро. Сенатта халықаралық банктен қарыз алу туралы заң қабылданды

17 Қараша 2022, 11:16
1368
Бөлісу:
345,7 млн еуро. Сенатта халықаралық банктен қарыз алу туралы заң қабылданды

Бүгін өткен Сенат отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заң қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2 шілдедегі Президент Жарлығына сәйкес 345,7 млн еуро сомасындағы қарыз туралы келісімге 24 тамызда қол қойылды. Қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады, - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Белгілі болғандай, қарыз 11,5 жыл мерзімге беріледі.

Заң жобасы республикалық бюджеттің қабылданған міндеттемелерін, оның ішінде республикалық бюджетте көзделген мемлекеттің әлеуметтік және басқа да басым мақсаттарын қолдау міндетін алға қойып отыр. Белгілі болғандай, заңды қабылдау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған ел Үкіметінің кешенді шараларын қолдауға және республикалық бюджет тапшылығын толық қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сенаттың тұрақты комитеттерінің осы заң жобасы бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ. Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 1), 7) тармақшаларын басшылыққа ала отырып, Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жекеше секторға және экономиканы неғұрлым орнықты қалпына келтіруге негізделген даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес оны қабылдауды ұсынады, - деді Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серік Трұмов.

Заң жобасын Сенат депутаттары бірауыздан қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы