Бас жаңалықтар
Елімізде тоқыма өнімінің көлемі артқан
25 Қаңтар 2021, 22:50 221

Елімізде тоқыма өнімінің көлемі артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айларындағы статистикалық деректерге сәйкес, еліміздің жеңіл өнеркәсіп өндірісі көлемінде тоқыма өндірісі негізгі үлесті - 55% алып отыр. Ақшалай алғанда 71 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 18%-ға жоғары.

Тоқыма өндірісі секторындағы өсім мақта талшығы көлемінің 18%, мақта-мата маталарының 59%, синтетикалық және жасанды жіптерден жасалған маталардың 85% артуы есебінен болды.

Тоқыма өндірісінде негізгі үлесті Шымкент қаласы (25% немесе 17,7 млрд теңге) және Түркістан облысына (31% немесе 31 млрд теңге) тиесілі.

Дәстүрлі түрде мақта Түркістан облысында өсіріледі. Тиісінше, мақта өңдеу кәсіпорындары негізінен осы өңірде шоғырланған. Сонымен қатар, табиғи тоқыма талшықтары ішінде мақта талшығы - елдегі өндіріс көлемі бойынша ең үлкен топ.

Жедел деректер бойынша, 2020 жылы мақта талшығының өндірісі 18% артып, 74 626 тоннаға жетті. Отандық кәсіпорындар шамамен 10 мың тоннаны қайта өңдеді.

2020 жылдың 11 айында экспорт 51 893 тонна немесе 68,5 млн долларды құрады. Өнімдер негізінен Латвия, Түркия және Қытай елдеріне жеткізілді.

Мақта талшығын қайта өңдейтін отандық кәсіпорындардың ақпараты бойынша 2021 жылы шамамен 14-15 мың тонна мақта талшығын қайта өңдеу жоспарланып отыр.

Мемлекет тарапынан тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау өнім экспортын ілгерілету, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, тауарларды ішкі нарықта ілгерілету, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру сияқты өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған жүйелі шаралар шеңберінде көрсетіледі. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында жеңілдетілген несие беру қарастырылған (6%-дан артық емес).

Бүгінде тоқыма өнеркәсібі саласында 4 кәсіпорын жұмыс істейді: «Альянс» КҰБ (бұрын «Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ), «AZALA Textile» ЖШС, «Azala Cotton» ЖШС. Олар мақта талшығын өздері өңдейді.  

4 тоқыма кәсіпорнының біреуі ерекше салық режимін, сондай-ақ коммуналдық қызметтерге (газ, су, электр энергиясы) тиімді тарифті пайдаланатын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа («AZALA Cotton» ЖШС) аумағында орналасқан.

Қазіргі уақытта Министрлік «Альянс» АҚ (бұрын «Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ) және «Azala Textile» ЖШС тоқыма кәсіпорындарын «Оңтүстік» АЭА субаймақтарына қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...