Бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді

15 Қараша 2021, 11:47
1105
Бөлісу:
Бір аптада 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикада 7 күн ішінде 3230 қылмыс жасалған. Оның 2247-сі тәулік ішінде ашылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 10 кісі өлтіруді, 4 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық және 28 тонау және 475 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты.

Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап жүргізіліп келе жатқан «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Оның басты міндеті – қызмет көрсетілетін учаскелерде проблемалық мәселелерді зерделеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту.

Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен танысып, тәртіп бұзушыларды анықтау және полиция есебінде тұрғандарды тексеру, сондай-ақ проблемалық мәселелерді шешу үшін аулаларды және пәтерлерді аралап халықпен кездесулер өткізеді.

Жалға берілетін пәтерлер, базарлар, тұрмысы нашар отбасылар, азаматтық қару иелері мен шетелдіктер тексеріледі. Полиция белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды, заңсыз келген шетелдіктерді, тыйым салынған заттарды сақтау фактілерін анықтау мақсатында саяжайларды, қыстақтарды, шағын елді мекендерді аралайды.

Бүгінгі таңда полицейлер 4 миллионға жуық пәтер мен жеке үйлерді аралап, 240 мыңнан астам саяжай үйлерін және 52 мыңға жуық шаруа қожалықтары, қыстақтарды тексеріп шықты.

72 мыңнан астам жалға алынған пәтерге тексеру жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік кіріс органдарында тіркеусіз тұрғын үйді жалға берудің 9 мыңға жуық фактісі анықталды.

Атыс қаруын сақтау және алып жүру ережелерін бұзудың 2,5 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Заңсыз айналымнан тіркелмеген атыс қаруының 277 бірлігі алынды.

Операция басталғаннан бері полиция қызметкерлері 388 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың, оның ішінде 6 мың ұсақ бұзақылық фактісінің, тұрмыста 8 мыңнан астам заң бұзушылықтың, 64 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзушылықтың жолын кесті.

Өзгелердің жаңалығы