Елімізде 2026 жылға қарай геология саласын зерттеу жұмыстары ұлғаяды

4 Мамыр 2022, 13:04
1241
Бөлісу:
Елімізде 2026 жылға қарай геология саласын зерттеу жұмыстары ұлғаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Сондай-ақ ол Қазақстан көптеген пайдалы қазбалардың қоры бойынша әлемде жетекші орын алатынын алға тартты. 

Мысалы, хромның зерттелген қоры бойынша әлемде бірінші орында. 

Уран мен вольфрам бойынша – екінші, мырыш бойынша – үшінші, қорғасын қоры бойынша – төртінші орында тұрмыз. Көмірсутек шикізатын өндіруден Қазақстан әлемде 17-орында. Экономикамыздың өндіруші секторы жалпы ішкі өнімнің 30%-ға жуығын қамтиды. Соған қарамастан, еліміздің минералдық-шикізаттық базасын іздеу және толықтыру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет. Сол үшін   геология бұл мәселеде аса маңызды рөл атқарады, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол геологияны дамыту үшін қатты пайдалы қазбаларды іздеуге жеңілдетілген лицензиялау енгізілгеніне тоқталды. Айтуынша, шағын геологиялық барлау компанияларына тиісті жағдай жасалған. 

Геология ғылымын дамыту және өңдеу саласын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық геология қызметі құрылды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған  тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы аясында «Геология саласын дамыту» бағыты қарастырылған. Жоспарға сәйкес 2026 жылға қарай Қазақстан жерлерін зерттеу жұмыстары 680 мың шаршы шақырымға ұлғайып, жалпы көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жетеді, - деді Әлихан Смайылов. 

Өзгелердің жаңалығы