Елімізде 2025 жылға дейін 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылады

6 Қазан 2020, 11:48
2152
Бөлісу:
Елімізде 2025 жылға дейін 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі үкімет отырысы барысында Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді.

Фармацевтика өнеркәсібі – экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі. 2020 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ҚР фармацевтика өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 34,1%-ға, инвестициялар 5,2%-ға дейін серпінді өсу байқалуда. Белгілі компаниялардың, соның ішінде трансұлттық компаниялардың (ТҰК) қатысуымен 41 жоба іске асырылды, олардың ішіндегі ең ірілері — антибиотиктер, алколоидтар, антисептиктер, сондай-ақ жеке қорғаныш құралдары мен хирургиялық мақта өндірісі бойынша жобалар. 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алудағы отандық өндірушілердің үлесі 30%-ға дейін артты және тұрақты түрде өсіп жатыр, - деді Мамин.

Үкімет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша елдің дәрілік қауіпсіздігі меншікті фармацевтика өндірісі болған жағдайда кемінде 30% қамтамасыз етілетінін, ал Қазақстан 2025 жылға қарай өз өндірісін заттай мәнде 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отырғанын айтты.

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылады, бұл дәрі-дәрмек өндірісінің көлемін 2,5 есеге, экспортты 3 есеге ұлғайтуға, 2 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды даярлауға және оларға арнап тұрақты жұмыс орындарын құруға жол ашады, - деді ол. 

Үкімет басшысы отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе, клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтарды ынталандыру тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейтуді тапсырды. Индустрия, денсаулық сақтау және сыртқы істер министрліктеріне дәрілер өндірісін елімізде жергіліктендіруге Big Pharma – Top 50 тізімінен әлемдік фармацевтика өндірушілерді таргеттеу бойынша ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Ал, Денсаулық сақтау министрлігіне ұзақ мерзімді келісімшарттарды іске асыру тетіктерін кеңейту, елдегі дәрілік заттардың қажеттілігін нақты жоспарлау мен айқындауды қамтамасыз ету, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерге сынақтар жүргізетін зертханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту, Кешенді жоспарды іске асыруды ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторларды (KPI) бекіту жүктелді.

Өзгелердің жаңалығы