Корей елшісі қазақстандықтар туралы ойымен бөлісті

6 Қазан 2020, 11:41
7265
Бөлісу:
Корей елшісі қазақстандықтар туралы ойымен бөлісті
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок журналистермен кездесуі барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық жайында, қазақстандықтар туралы ойымен бөлісті.

Жаңа елші – жаңа мемлекет 

Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңа елшісі Ку Хонг Сок Қазақстанға маусым айының басында келген. 

Пандемия салдарынан наурыздан маусым айына дейін Қазақстан мен Корея арасындағы әуе қатынастары тоқтатылған болатын. Рейстер қайта берілген бойда Қазақстанға келдім. Қазақстанға келіп, 20 күн өткен соң ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға сенім грамотасын тапсыруыма мүмкіндік туды, - деді дипломат. 
Ол Қазақстанға дейін қай елдерде қызмет атқарғанын айтып берді. 
Мен үшін Қазақстан - жаңа мемлекет. Бұған дейін өзімнің негізгі қызметімді Қытай, Жапония, Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты елдерде атқарған болатынмын. Бірақ Қазақстан мен күткеннен де асып түсті. Адамдардың көбі «Қазақстан қалай екен?» деп сұрап тұрады. Бұл - мен үшін көп жұмыс атқарып, жаңа қырынан көрінетін ел, - деді елші. 

  «Екі ел арасында ешқандай проблема жоқ» 

Қазақстан халқына Кореяға қызығушылық танытқандары үшін алғыс айтқым келеді. Себебі, сыртқа шықсақ, көшеден Корей маркалы көліктерін көреміз. Көбінің қолында Samsung маркалы смартфоны, кейбірінде осы маркадағы тұрмыстық техника бар. Бұл – халықтың қызушылығын көрсетеді, - деді Ку Хонг Сок. 

Ол өкілеттігі барысында екі ел арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технология, білім және денсаулық сақтау саласының дамуына үлесін қосатынын алға тартты. 

Әсіресе, қазіргі пандемия жағдайында денсаулық сақтау саласы өте маңызды. Қазіргі таңда Кореяда вирус жұқтырғандар саны шамамен күніне 100 адам. Дегенмен, Корея індетпен күрес жүргізген және оның алдын алған алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Тіпті бұл тәжірибені Дүниежүзілік қауымдастық мойындаған болатын. Сондықтан Корея Республикасы Қазақстанға осы індетті бірге жеңу үшін өзінің тәжірибесімен, жаңа ноу-хаумен, білімімен, инновациясымен бөлісуге дайын, - деді дипломат. 

Өткен жылы сәуір айында Корея Республикасының Президенті Мун Джэ Ин ресми сапармен Қазақстанға келген болатын. Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Кореяға сапары күтілуде. 

Менің ойынша, екі ел арасындағы басты проблема – ол «ешқандай проблеманың, келіспеушіліктің жоқтығы» (күлді). Мұны айтып отырған себебім, қазір біз екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуымыз қажет. Себебі, Корея Республикасының Президенті Мун Джэ Иннен сенім грамотасын алған кезде «Қазақстан Корея үшін өте маңызды мемлекет» екенін айтқан болатын. Сондықтан мен өзіме артылған жүктің ауыр екенін, осы міндет, жұмыс үшін жауапкершіліктің артқанын сезінемін, - деп атап өтті Корея елшісі. 

  Корей тілін қалай тез үйренуге болады? 

Елші корей тілін тез үйренудің жолымен бөлісті. 

Көбі корей тілін қалай тез үйреніп алуға болатынын сұрап жатады. Оның екі жолы бар. Бірі – корей жігітін не қызын тауып алу. Ал егер корей тілін шын мәнінде үйренгіңіз келсе, Корей мәдени орталығына тіл курсына жазылуға болады. Бұл екінші жолы, - деді елші Ку Хонг Сок. 

Сонымен қатар елші қазақстандықтармен сериалдар арқылы танысқанын айтып берді. 

Қазақстанға келгенде ел туралы білу үшін ондай картиналарды жиі көрдім. Кореяда болғанымда елмен танысу үшін түрлі сюжеттерді, сериалдарды көруді бастадым. Келген соң Қазақстанның территориясы өте үлкен екенін өз көзіммен көрдім. Тіпті қазақстандық ер-азаматтардың да батырлар сияқты ұзын бойлы, мықты екендерін көрдім. Ал қыздар қауымы өте сұлу, инабатты екеніне куә болдым. Себебі, мүндай ақпараттарды елге келмес бұрын білген болатынмын. Әсіресе, спорттық жарыстар көргенде қазақстандық пен кореялық боксшылар бәстескенде «біздікілер» үнемі жеңіліп қалады. Мысалы, қазақстандық азаматтар Наурыз мерекесінде атқа отырып, көкпар ойнайды. Мұндай ойындар қазақстандық ерлердің батылдығын, мықтылығын көрсетеді. Ал қазақстандық қыздарды сериалдар бойынша айтатын болсам, олар өте сыпайы, тәртіпті. Жанұяда оларды отбасының ошағы деп біледі. Бұл – ең маңыздысы. Осы тұрғыда бұл біздің елдің мәдениетімен ұқсас, - деді ол қазақстандықтар туралы. 

Елшінің ойынша, қазақстандық сериалдар еуропалық сериалдарға қарағанда қызығырақ. 

Қазақстанда «Жумоң» деп аталатын корей сериалы өте танымал. Онда түрлі әскери іс-қимылдар көрсетіледі. Осы тұрғыда да екі елдің ұқсастығы бар. Сонымен қатар, қазақстандық сериалдарды қарағанда, отбасы құндылығынан бөлек, екі жас арасындағы махаббат, романтика сезімі жақсы көрсетілген. Бұдан да корей мәдениетімен ұқсастығын байқауға болады және қазақстандық сериалдар еуропалық сериалдарға қарағанда қызығырақ, - дейді дипломат. 

Сонымен қатар Ку Хонг Сок корей диаспорасы туралы да сөз қозғады. 

Айтқым келгені – Қазақстан көпұлтты мемлекет екені үшін әр қазақстандық мақтаныш тұтуы керек. Себебі, 130-дан аса ұлт бірлікте, тату өмір сүріп жатыр. Бұл – өте үлкен жетістік. Корей диаспорасымен кездескенде де олардың әрқайсысы осындай бейбіт, бірлікте өмір сүріп жатқандары үшін Қазақстанға алғыстарын айтты. Менің ойымша, бұл – маңызды оқиға, - деді ол өз сөзінде. 

  Корея Республикасының құрылған күні Қазақстанда қалай тойланды? 

3 қазанда Кореяда мемлекеттің құрылған күні тойланады. 

Бұл өте маңызды мереке. Әдетте бұл күні Қазақстанда ресми қабылдау өткізетінбіз. Өкінішке қарай, коронавирус індетіне байланысты осы жылы бұл шараны онлайн режимді өткізуге шешім қабылдадық. Шара аясында түрлі концерттер, қойылымдар көрсетілді. Сонымен қатар індетке байланысты ресми қабылдауға бөлінген барлық қаржы қайырымдылық шараларына жұмсауға бөлдік. Мысалы, халықтың әлеуметтік осал топтарына, мектептерге, қарттар үйіне қажетті құрал-жабдықтар алып бердік. Сондай-ақ жақында Нұр-Сұлтандағы балалар үйіне де қайырымдылық шара аясында қажетті техника тапсырылады, - деді Корея елшісі Ку Хонг Сок. 

Елшіліктің Youtube-тегі арнасында онлайн режимде ролик әзірленіп, екі елдің әнұраны шырқалды. 


Сондай-ақ Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок құттықтау сөзін жолдады. 

Корей мемлекетінің құрылуының 4353 жылдығын атап өтуге байланысты Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі ұйымдастырған онлайн іс-шараға қатысқандарыңызға алғыс білдіремін. Бұл осы жылдың маусым айында Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі қызметіне тағайындалғанымнан кейінгі мемлекеттің құрылған күніне орай ұйымдастырған алғашқы мерекелік іс-шара. Сондықтан бүгінгі мереке мен үшін өте маңызды. Кейбіреулеріңіз Корея Республикасының 4300 жылдан астам ұзақ тарихы бар екенін біліп, таңғалған да боларсыздар. Корея Республикасы 1945 жылы тәуелсіздік алды. Алайда, корейлердің пікірінше, Корей түбегіндегі алғашқы мемлекет б.з.д. 2333 жылы құрылған, - деп қысқаша елдің тарихы туралы айтты. 

Сондай-ақ елші екі ел қарым-қатынасы әрі қарай нығая түсетінін айтты. 

1922 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы түрлі салаларда ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастарын дамытуды жалғастыруда. Қазақстан Корея үшін әрқашан жақын дос әрі жақсы серіктестік қарым-қатынас орнатқан сенімді қолдаушы болған. Корея ҚР-ның стратегиялық серіктесі ретінде екі ел арасындағы ерекше достық қарым-қатынасты нығайтуды жалғастырады. Қазақстан Республикасы Корей үкіметі бар күшін салып, әзірлеп жатқан Корея Республикасының «Жаңа солтүстік саясатында» негізгі әріптес, - деді Ку Хонг Сок өз құттықтауында. 

Елші айтқандай, өткен жылы сәуір айында Корея Республикасының Президенті Мун Джэ Иннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарынан кейін нығайтылған екі елдің өзара қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына алдағы мемлекеттік сапары арқасында одан да маңызды деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін айтты. 

Өзара сенімге негізделген екіжақты қарым-қатынас тек екіжақты деңгейде ғана емес, сонымен қатар, халықаралық аренада да көрініс табады. Корея мен Қазақстан экономикалық және сауда қатынастарын әрі қарай дамыту үшін бар күштерін салуда. Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы рекордтық көрсеткішке – 4,2 млрд долларға жетті, - деді ол. 

Елшінің айтуынша, бүкіл әлем COVID-19 індетінің таралуына байланысты қиын-қыстауды бастарынан өткеріп жатқан кезде Корея мен Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда. 

Сондай-ақ, кореялық компаниялар мен Корея Республикасы Үкіметінің тарапынан Қазақсанға гуманитарлық көмек көрсетілді. Қазақстанда қызмет жасап жатқан кореялық компаниялар 400 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Сонымен қатар Корея Республикасы Үкіметінің тарапынан жақын арада Қазақстанға 800 000 доллар көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілетіні туралы шешім қабылданды, - деді Ку Хонг Сок мерекелік құттықтауында. 

Ол 2014 жылы визаларды өзара жою туралы келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтар арасындағы байланыс ұдайы өсіп келетінін айтты. 

Осындай қысқа ғана мерзім ішінде екі елдің, осылайша, тығыз байланыс орнатуы кездейсоқ емес деп ойлаймын. Қазақстанда өркендеген ежелгі бай мәдениет Жібек жолымен ұшы-қиыры жоқ шексіз далалар арқылы Корей түбегіне де жетіп, оған зор ықпалын тигізді. Қазақ халқында «ағаш тамырымен, адам досымен мықты» деген мақал бар. Осы мақалда айтылғандай, Корея мен Қазақстан арасындағы берік достық қарым-қатынас ұзаққа созылатынына сенімдімін, - деді елші Ку Хонг Сок. 

Сонымен қатар бейнероликте ҚР Сыртқы істер вице-министрі Шахрат Нұрышевтің Қазақстан Үкіметі атынан құттықтауы және Корея мәдениетіне қызығушылық танытатын қазақстандық студенттер мен Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен ардагерлердің ұрпағының құттықтауы бар. Сондай-ақ Кореядағы өрттен 10 адамды құтқарған қазақстандық Әлиақбар Юлдашев те өзінің құттықтау сөзін жолдаған. 

Корей мәдени орталығы 

Орталық 2010 жылы елшілік жанынан құрылған. Оның директоры Ли Херан ханым. Биыл орталықтың 10 жылдық мерейтойы. Карантин салдарынан мерейтойға арналған бағдарлама тек онлайн режимде өтіп жатыр. Одан бөлек, мәдени орталықта мәдени шаралар жиі өтеді. Мысалы, онлайн фотокөрме, Корей кино фестивалі, конкурстар. Сонымен қатар мәдени орталықта корей тілін үйренгісі келетіндерге арнап тіл курсы бар. Қазір пандемия салдарынан курс тек онлайн режимде өтіп жатыр. Ал корей тағамын әзірлегісі келетіндер үшін орталықтың Instagram парақшасында аспаздық сабақтары өтеді. 

Корей елшісі қазақстандықтар туралы ойымен бөлісті

Сондай-ақ, Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы барлық ниет білдірушілер үшін Корея Республикасының Ұлттық күніне орай «Universal Ballet» корей труппасының орындауындағы «Чхунхян» шығармашылық балет қойылымын онлайн режимде ұйымдастырды. 

Өзгелердің жаңалығы