Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Стоматологиялық көмек: профилактикадан бастап клиника таңдауға дейін – маман кеңесі» атты онлайн дәріс кезінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Academy of Dentistry International» ұйымының мүшесі, «Қазақстан стоматологиясы» ғылыми-практикалық журналының бас редакторы Сәуле Есембаева айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметіне сай, ауыз қуысы ауруларымен әлем бойынша 3,5 миллиард адам ауырады екен. Оның ішінде тісжегі (кариес) инфекциялық емес аурулардың көш басында тұр. Стоматологиялық көмек – медициналық көмектің ең көп көрсетілетін қызметтерінің бірі. Бұл ретте 99% жағдайда науқастар амбулаторлық-емханалық мекемелерге көмекке жүгінеді. Ауруханаға жатқызуды талап ететін аурулар (науқастардың 1%-ы) арасында одонтогенді қабынулар мен бет-жақ аймағы аурулары көптеп кездеседі, - дейді ол.
Дәрігер ауыз қуысы ауруларының негізгі себебі тісті дұрыс тазаламауда жатқанын айтты.
Бірқатар адам тіс тазалаған кезде тістердің қуысын тазалау керегін ескермей жатады. Бұл процесс үшін арнайы стоматологиялық жіп бар. Себебі тісте қордаланатын қақтың негізгі бөлігі дәл осы тіс арасында сақталады. Тағы бір айта кететін жайт, тілдің өзін тазаламайтындар да жетерлік. Ал ауыз қуысына зиян тигізетін негізгі микроб – стрептококк мутанс (Streptococcus mutans) тіспен қатар тілде де болады. Бұған тамақ қалдықтары мен басқа да инфекцияларды қосыңыз, ізінше стоматиттің түрлі формалары пайда болуы мүмкін. Яғни, тіс тазалағанда, тілді қоса тазалауды әдетке айналдырған дұрыс, - дейді дәрігер.
Сәуле Есембаева Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша стоматологиялық қызметті кімдер алатынына тоқталды.
Жедел стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, I, II, III және IV топ мүгедектері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, зейнеткерлер, әлеуметтік маңызы бар инфекциялық аурулармен ауыратын науқастар ала алады. Ал жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі, - деді ол.