Елдің тыныштығы – баға жетпес бақыт – Төлеген Жүнісов

8 Мамыр 2019, 18:03
3396
Бөлісу:
Елдің тыныштығы – баға жетпес бақыт – Төлеген Жүнісов

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Биыл Жеңістің 74 жылдығын небәрі 25 майдангер қарсы алып отыр. Солардың бірі – Төлеген Жүнісов. 

Жасы 96-ға толған Төлеген ақсақал Тереңөзек ауданындағы бұрынғы Жаңаарық ұшымшарында дүниеге келген. Әке-шешесі нәубет жылдары қаза табады. Тағдырдың жазуымен жастайынан бауырларымен бірге балалар үйінде тәрбиеленеді. 

«Жетімдер үйінде қарындасым Гүлайханнан тірідей айырылдым. Ізім-қайым жоқ болды, кім қайда алып кетті, белгісіз. Қарындасымды ойласам, көзіме мөлтілдеп жас келеді, жүрегім қанжылайды. Кейін есейе келе іздедім, Мәскеуге де бардым. Нәтиже жоқ. Әйтеуір бір қиырда жүрген шығар деген үмітім бар», - деді Төлеген ата. 

Соғыс оты тұтанған жылы Төлеген Жүнісов 18 жаста еді. 1942 жылы 19 жасында әскер қатарына шақырылып, Өзбекстандағы Самарқан шаһарына жіберіледі. 5 ай кіші командирлікке оқып, білімін жетілдірген соң Украинаның Луговой станциясына аттанады. Осы жерде қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Фашистік Германияның әскерін талқандауда жаяу әскері қатарында болған кіші сержант Төлеген де ерліктің үлгісін көрсетеді. Сонымен бірге ол Украинаның Харьков, Прискуров, Тернополь, Львов қалаларын жаудан азат етуге атсалысады. 

«Менің қолымда автомат, пулемет болатын. Жан-жақты жіті барлайтын немістің «Тигр» дейтін екі танкісін жарып жібергем. Сол үшін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденін алғанмын. Басқа да марапаттар бар ғой. Біз үшін ең басты орден, марапат – соғыстың біткені, Отанымыздың тыныштығы. Иә, қарша бораған оқтың ортасынан Құдай сақтап, елге аман оралдық. Еңбекке араластық. Ол кезде жұмыс талғамаймыз. Не жұмыс тапсырады, соны істеп кете береміз. Ырзық-несібемізді қара жұмысшы, дүкенші, бухгалтер болып та айырып жүрдік. Ал 1978 жылдан кейін теміржол саласында қызмет еттім. Тағы да айтайын, естеріңде болсын, елдің тыныштығы – баға жетпес бақыт. Сондықтан тыныштық сақталу үшін ел-халқымыз, әйел болсын, еркек болсын, күндіз-түні еңбек ету керек. Қазіргі жастар біздің көргенімізді жан дүниесімен сезінсе, жалқау, масыл болмас еді. Соғыс енді болмасын, аштық ауыртпалығы келмеске кетсін. Ұрпағымыз бақытты, баянды өмір сүрсін», - деді қария. 

Төлеген ата 40 жыл отасқан жары Жәмилә өмірден ерте озған. Екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиеледі. Бүгінде қария немере-шөберелерінің қуанышына кенеліп отыр. 

Ақсақал ем-дом қабылдап жүр. Қарияның дәрігер қызы Гүлмира Төлегенқызының айтуынша, әкесінің көруі нашарлаған. 

«Әкемнің хал-жағдайын шүкір деуге болады. Жасы да 96-ға келді. Кәрілік өз дегенін жасайды қанша дегенмен. Баяғыдай емес, қазір көруі нашарлаған. Әкеміз кенжесінің қолында. Өзі көп қиыншылық көрген. Аштық, соғыс, одан кейінгі ауыр еңбекті басынан кешірген. Содан болар, елге амандық, жерге тыныштық, бізге жақсы өмір тілеп отырады», - деді Гүлмира. 


Өзгелердің жаңалығы