EcoBilim. Мұндай жұмыста асығыстық болмауы керек – Аймағамбетов

17 Тамыз 2020, 16:00
2112
Бөлісу:
EcoBilim. Мұндай жұмыста асығыстық болмауы керек – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экологиялық білім беруде мектепте жаңа пән енгізу кезінде асығыстық танытпау керек. 

Бұл туралы экологиялық білім беру тақырыбына қатысты онлайн конференцияда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар арасында экологиялық білімді насихаттау бойынша тапсырма берген болатын. 

Экологиялық тәрбие беру, экологиялық білім беру мәселесі өте маңызды. Тапсырма берілген күннен бастап жұмысты бастап кеттік. Мемлекеттік емес ұйымдарда да жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Жан-жақтан осы мәселені шешіп жатырмыз. Біздің алдымызда тұрған мәселе – Президент берген тапсырмасын сапалы орындау. Қалай болса да, асығыспен 1 қыркүйекке дейін дайын болса да, болмаса да енгізейік деген мәселе ойда тұрған жоқ. Сондықтан, біз ең алдымен берілетін білім мазмұнының баланың жас ерекшелігіне қалай сәйкес келетінін, оның әдістемелік жағын жан-жақтан қарастырып, ұйымдастырып жатырмыз. Мұндай жұмыста асығыстық болмауы керек, - деді Білім министрі.

Оның айтуынша, сабақтан тыс уақытта да экологиялық білім беру өте маңызды. 

Сабақта тек бір пән ішіне кірістіріп қойсақ, оның тиімділігі өте жоғары болмайтындығы белгілі. Экологиялық білім, тәрбие беру дегенде бәрімізге ортақ тәрбие жұмысын ұмытпауымыз керек. Әл-Фараби айтқандай, "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы". Сондықтан тәрбие мәселесін алып, жалпы құндылықтарға негізделген концепция шеңберінде жұмыс жүргізудеміз. Көп мәселе ойын арқылы, тәжірибе, жобалар, олимпиадалар, мейкатондар арқылы жүргізіледі. Бала тек қана құлағымен естіп қана қоймай, қолмен жасап, іс-әрекетпен осы іс-шараға атсалысса, сонда ғана алған білімінің нәтижесі шығады, - дейді Аймағамбетов.

Министрдің сөзінше, ведомство берген ұсыныстың бәрін қабылдап, оларға сараптама жасап, бір шешімге келеді.

Өзгелердің жаңалығы