Димаштың есімі Марсқа жетті

20 Ақпан 2021, 23:23
1568
Бөлісу:
Димаштың есімі Марсқа жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 ақпанда Perseverance атты жаңа ровер Марс бетіне қонды. Ғылыми жабдықтармен қатар, ол Қызыл планетаға миллиондаған адамның есімдерін жеткізді.

Олардың арасында Димаш Құдайбергеннің есімі де бар, деп хабарлайды dimashnews.com сайты.

Perseverance ровері 2020 жылдың 30 шілдесінде алыс сапарға аттанып, жеті айға жуық уақыттан кейін Қызыл планетаға сәтті қонды.

Fox News жазуынша, Perseverance – технологиялық жағынан ең дамыған робот және оны Марсқа NASA жіберіп отыр. 2,7 миллиард доллар тұратын робот бір марстық күн ішінде орташа есеппен 200 метрді бағындырып отырады.

Ол ұзындығы шамамен 2 метр манипулятор қолымен, бұрғылаумен және ғылыми құрылғылармен жабдықталған. Оның ішінде жоғары технологиялы түсірілім камерасы, ауа райын өлшеуге және шаңды бақылауға арналған сенсорлар, рентген жүйесі және тау жыныстарының химиялық құрамын өлшеуге арналған камера жүйесі бар.

Димаштың есімі Марсқа жетті

Сондай-ақ, Perseverance Марсқа коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан дәрігерлердің құрметіне жасалған ескерткіш тақтаны, сондай-ақ NASA-ның «Марсқа өз есіміңді жібер» акциясына қатысқан 11 миллионға жуық адамның аты жазылған тырнақ көлеміндегі 3 кремний чипін жеткізді.

АҚШ, Түркия, Ресейді қоса алғанда, түрлі елдердегі жанкүйерлер тақтайшаға Қазақстандық орындаушы Димаш Құдайбергеннің есімін жазуды ұсынды. Perseverance роверінің Марстағы мақсаты – ежелгі өмірдің белгілерін іздеу және планетаның бетін зерттеу. Оның миссиясы шамамен екі жылға созылады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы