Димаш туған күнінде тікелей эфирге шығады

24 Мамыр 2020, 11:55
1856
Бөлісу:
Димаш туған күнінде тікелей эфирге шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 24 мамырында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әлемге кеңінен таныла бастаған әнші Димаш Құдайберген 26 жасқа толды.

Дінмұхамед Құдайберген – 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде дүниеге келген. Үйдің тұңғышы болғандықтан, қазақтың салтына сәйкес ата-анасының емес, атасы мен әжесінің қолында өскен. 

Жас әншінің жеткен жетістіктері де аз емес. 2015 жылы "Славянский базар" байқауының бас жүлдегері атанған. 2017 жылы Қытайдың "Singer-2017" ән додасына қатысына танымалдылығын арта түсті. Осыдан бастап, шығармашылығында жаңа кезең басталды. Бұдан кейін Шанхайда өткен ERC Chinese Top Ten Awards музыкалық кеште "Азиядағы ең танымал әнші" номинациясын жеңіп алды.

Қазіргі кезде ресейлік танымал продюсер Игорь Крутоймен бірге жұмыс істеп жүр. Оның "Любовь уставших лебедей" әнін өзінің репетурарына қосып, клипінде түсірді. Димаш әлемнің бірнеше қаласында концерттер өткізіп үлгерді. Былтыр Нью-Йорк қаласында 20 мың көрерменнің алдында өнер көрсетті. Сондай-ақ Ресейдің Мәскеу қаласында, Латвия Рига қаласында,Украинаның Киев, Англияның Лондон қалаларындағы концерттері жоғары деңгейде өтті. 

Биыл ол коронавирус инфекциясына байланысты Еуропада болатын бірнеше турын кейінге шегерді.

Димаш Құдайбергеннің репертуарында қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз және басқа тілдерде шығармалар бар.  Бірақ ол қай тілде ән айтпасын, әр жастағы және әр ұлттағы тыңдаушылары оның жеке орындау шеберлігіне тәнті болып жатады. 

Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20:00-де Димаш Инстаграмда тікелей эфирге шығуға уәде берді. Ал 22: 00-де YouTube желісінде жанкүйерлермен тілдесіп, құттықтауларды қабылдайды.

Хабар телеарнасы 16.45-те Dimash SHOW деректі фильмін көрсетпекші.
 
Инстаграмдағы парақшасында әнші ата-анасын құттықтады.
Өзгелердің жаңалығы