Бас жаңалықтар
Димаш Құдайберген туралы деректі фильм түсіріліп жатыр
04 Сәуiр 2019, 12:09 807

Димаш Құдайберген туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық арна Димаш Құдайберген жайында деректі фильмнің түсірілім жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді.

Аталған деректі фильмде оның сахнадан тыс өмірі, түрлі халықаралық концертіне дайындық барысы жан-жақты қамтылады. Қазірдің өзінде бірнеше түсірілімі жасалып үлгерген.

«Біздің түсірілім командасы Димаштың Мәскеу мен Қытайда ұйымдастырған концерттеріне дайындығын түсіру үшін арнайы сонда барды. Ең бастысы көрермендер оның бұрын-соңды көрмеген бейнематериалдарын тамашалай алады. Деректі фильм көрермен назарына шамамен күз айында жол тартады», - деді «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы.

Дүние жүзіне әйгілі жас қазақ әншісінің 29 маусымда «Астана-Арена» стадионында өтетін концертіне билеттердің 70%-ы сатылып кеткен. Мәселен, билеттер сатылымға шыққаннан кейін бір аптадан соң – 11099, ал қазіргі күні 15156 билет сатылып кеткен.

«Концертке билет сатып алушылардың ең көбі – қазақстандықтар, одан кейін Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Түркия, Нидерланды, Румыния, Польша және тағы басқа елдерден. Ең алыс елдердің арасында Бразилия, Мексика, Африка, Канада, Австралия секілді елдердің азаматтары бар», - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Соңғы бір айдан бері концертке Qazaqstan телеарнасының шығармашылық ұжымымен бірлесе дайындық қызу жүргізіліп жатыр.

«Жазда өтетін жеке кешінде Димаш Құдайберген жаңа әндерін де орындайды. Әр нөмір ортақ идеяны жеткізетін жеке оқиға, мини-спектакль десе болады. Қазіргі сәтте барлық техникалық жағдай, мультмедиалық шешімдер, сахнаны безендіру, дыбыс пен жарық мәселесі шешілді. Енді декорация мен реквизит қарастырылып жатыр», - деп баяндады Басқарма төрағасы.

Оның сөзінше, тіпті концертте арнайы кастингтен өткен бишілер ғана Димашпен бірге бір сахнада өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин Димаштың 22-23 наурызда Мәскеудегі Кремль сарайында өткен концертін көрермендер мамыр айының мереке күндерінде көре алатынын жеткізді.

Ерекше атап өтетін жәйт, бұл концерт Қазақстан телеарналарымен қатар ресейлік арналардан да көрсетілетін болады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық