Депутаттар санавиацияға көбірек ақша бөлуді сұрады

11 Ақпан 2021, 12:10
1943
Бөлісу:
Депутаттар санавиацияға көбірек ақша бөлуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаторлар Ақмарал Әлназарова, Нұртөре Жүсіп және Мұрат Бақтиярұлы Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында санитарлық авиация өз пациенттеріне сапалы қызмет көрсетуі тиістігін айтты. 

Санавиацияға бюджеттен бөлінген ақша көбінесе Ан-2, Як-40, Ан-24 ұшақтарына ғана жетеді. Ол ұшақтардың қызмет етудегі орташа мерзімі 40 жылдан асады. Депутаттар олардың техникалық жағдайы, мәселен, шуылы, дірілі, ұшақ ішіндегі температурасы ауыр науқастарға медициналық қызмет көрсету және тасымалдау стандарттарына сәйкес келмейтінін атап өтті.

Сапалы және уақтылы медициналық көмектің міндетті шарты науқастарды тасымалдауға әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи ұшақтарды пайдалану екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, бюджет қаржысынан төленетін ұшу уақытының 1 сағатына тарифті ұлғайтуға қаржы бөлу қажет деп санаймыз,- дейді сенатор Ақмарал Әлназарова.

Ол бұл жаңа әрі заманауи әуе көлігінің түрлерін пайдалану үшін де маңызды деп отыр.

Осы шаралар санитарлық авиация қызметін одан әрі дамыту мен әлеуетін арттыруға сеп болады және ел тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, жалпы өлім-жітімді азайтуға ықпал етеді, - дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы