Рақымшылық жасауға қатысты заң қабылданды
2 Желтоқсан 2021, 10:33 807

Рақымшылық жасауға қатысты заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңның жобасы қабылданды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау - Президент адамгершілігінің актісі. Рақымшылық актісі барлық елдерде қолданыла бермейді, - деді сенатор Сәуле Айтпаева.

Заң жобасының негізгі міндеті - азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және негізгі жазадан босату, жекелей анықталмаған адамдардың тобына қатысты жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту.

Заң жобасы рақымшылық жасауды қолданудың шарттары мен тәртібін, оны енгізу күнінен бастап 6 ай ішінде оны орындау жөніндегі мерзімдерді көздейді, сондай-ақ Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тиісті шараларды іске асыру, оның ішінде босатылатын адамдарды орналастыру, жұмысқа орналастыру, емдеу, оларға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету жөніндегі құзыретін бекітеді, - деп атап өтті Сенат депутаты.

Қылмыстық кодекстің 78-бабында рақымшылық жасау актісін қабылдаудың және оны тарату шеңберінің жалпы өлшемдері айқындалған.

Заң жобасы Қылмыстық кодекстің ережелеріне толық сәйкес келеді.

Ол рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар тобын айқындайтын тізбе белгіленеді.

Заң жобасын іске асырудан күтілетін нәтижелер:

- сотталған адамдарды жазадан босатуға байланысты түрме тұрғындарын азайту;

- пробациялық бақылаудағы сотталғандар санын азайту;

- әлеуметтік осал адамдар санатындағы және залалды өтеген сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімдерін қысқарту;

- қылмыстық істерді тоқтату және қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарды, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік осал адамдарды қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату.

Жұмыс топтарының отырысы барысында мемлекеттік органдардың рақымшылық жасалған азаматтарға орналастыруға, жұмысқа орналастыруға, емдеуге көмек көрсетуге дайын екендігі туралы растауы алынды. Жұмыс отырыстарында рақымшылық жасауға қатысты азаматтардың көптеген өтініштері жан-жақты қаралды. Тұрақты комитеттерде заң жобалары бойынша ұсыныстар мен ескертулер жоқ, - деп айтты Сәуле Айтпаева.

Сенат депутаттары заң жобасын бірауыздан қабылдады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...