Атүсті қарауға болмайды. Депутат Маминге ұлттық жобаларға қатысты сауал жолдады

17 Қараша 2021, 12:37
1519
Бөлісу:
Атүсті қарауға болмайды. Депутат Маминге ұлттық жобаларға қатысты сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаты Айқын Қоңыров Премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады.

Ұлттық жобаны қабылдау – мемлекеттік жоспарлаудың жаңа және маңызды кезеңі. Біздің түсінігімізде жоспарлау экономиканы дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін нақты нәтижеге бағдарлануға тиіс. Негізгі міндет – бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың кемшілігі мен нысаналы индикаторлардың қателігіне жол бермеу, - деді депутат.

Қоңыров атағандай, ұлттық жобалар мемлекеттік аппараттың жұмысын өзгеруге тиіс. Бұл туралы БАҚ-та кең ауқымды насихат жүрді. Алайда біз мемлекеттік бағдарламалардағы проблемалар ұлттық жобаларда да пайда болып жатқанын көріп отырмыз.

Біріншіден, сайлаушылардың басым бөлігінде өздеріне арнап жазылған ұлттық жобалардың мәні туралы түсінік жоқ. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені ұлттық жобалар мемлекеттік бағдарламалар секілді шаралар мен сандардың жиынтығынан құралған. Адамдардың мәселесін шешу жолы көрініс таппаған. Құжаттарды зерделеген сарапшылар қауымдастығы оған теріс баға беріп отыр. Екіншіден, ұлттық жобалар бекітілгеннен кейін мемлекеттік органдар салалық даму тұжырымдамасын жазуға кірісті. Мәселен, 13 қазанда Мемлекет басшысы ұлттық жобаларды бекітті, ал мемлекеттік органдар салалық тұжырымдамаларды қарашаның басынан бастап жариялай бастады, - деп атап өтті ол.

Айқын Қоңыровтың сөзінше, олар алдымен жоспар құрды, оның ішінде ақшаны қайда жұмсау қажеттігін нақтылады. Енді, нені, қалай, не үшін жасау керек деген мәселеге назар аударып жатыр. Біздің ойымызша, бұл – әдіснамалық жаңсақтық.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы бұл тәсіл ақылға сыймайтындығымен қатар қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаның ережесіне қайшы келеді деп санайды. Ұлттық экономика министрі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының «Ұлттық жобалардың кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік орган ұлттық жобаға бастама жасамас бұрын, ұсыныс енгізуге тиіс. Өз кезегінде ол мемлекеттік жоспарлау жүйесінің немесе саланы дамыту тұжырымдамасының жоғары тұрған құжаттарында қойылған міндетке сәйкес қалыптастырылуы керек, - деп түсіндірді депутат Мәжілісте.

Оның айтуынша, Үкіметтің 2017 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен бекітілген мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі құжаттар иерархиясында салалық тұжырымдама мен ұлттық жобалар үтір арқылы бір тармақта көрсетілген, бірақ бұл жерде алдымен тұжырымдама, содан кейін ұлттық жоба тұр.

Қалыптасқан жағдайды мемлекеттік органдардың маңызды бағыттардың жұмысын тоқтатпау үшін қалайда қаржыландыруға қол жеткізу қажет деген ұстанымымен негіздеуге болады. Алайда мұны отандық бюрократияның көрінісі деп қабылдау қажет.

Үшіншіден, экономика саласындағы жұмыс қазақстандықтардың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс деп санаймыз. Жоспарлы құжаттарда орташа көрсеткіштер емес, түрлі салалар мен азаматтардың санаттары және жұмыспен қамту салалары бойынша кірістің қалай артатыны міндетті түрде көрсетілуге тиіс. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы мысалында азаматтардың табысы қалай өсіп, өмірі қалай жақсаратыны нақтылануы керек. Атауында басымдық дұрыс берілген. Алайда нақты міндет деңгейінде қарайтын болсақ, онда барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын «2019 жылғы деңгейден нақты ақшалай кіріс көлемінде 27,1%-ға өсіру» туралы ғана міндет қойылған. Неліктен 27,1%? Неге 25% немесе 30% емес? Бұл өсімге қалай қол жеткізіледі? Бұл өсімге қол жеткізу барысында инфляция есепке алынды ма? Ақпарат жоқ. Ұлттық жобада айтылған 3 тұжырымдаманың қазақстандықтардың әл-ауқатына ешқандай қатысы жоқ. Себебі олар индустриялық дамуға қатысты, - дейді Қоңыров.

Депутат атағандай, ұлттық жобаның бюджеті 15,9 трлн теңгені құрайды.

Ол «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы мемлекеттік жоспарлауға атүсті қарау халық ресурсы мен ұлт болашағына қауіп төндіреді деп санайтынын жеткізді.

Ұлттық жобаларды жүзеге асыратын салалық тұжырымдамаларды әзірлеу барысында мемлекеттік бағдарламаларда кеткен қателерге жол бермеу аса маңызды. Бұл құжаттарды сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдері терең талдаудан өткізуге тиіс. Құжатқа өзгеріс енгізу үшін талқылау ашық болуы керек, - деп толықтырды депутат.

Өзгелердің жаңалығы