Денисті өлтіргенімді мойындаймын – Қиясов

14 Қаңтар 2019, 11:53
3872
Бөлісу:
Денисті өлтіргенімді мойындаймын – Қиясов

Алматы, baq.kz тілшісі. Нұралы Қиясов сотта жауап беріп, Денис Тенді қалай өлтіргенін айтып берді.


“19 шілде күні түстен кете көліктің айнасын ұрлау мақсатымен қала ортасына қарай шықтық.  Құрманғазы көшесінде жол жиегінде 2-3  көлік тұрды. Арман маған көлікте отыра бер деді,  көмектесемін деп бірге шықтым. Жанар көліктен шығып, алея жақтағы дүкенге қарай кетті.  Жол жиегіндегі ақ көлікті көрдік.  Жан-жағымызда адамдар көп болғандықтан біраз бөгелдік.  Арман рюкзакты маған беріп,  қолына қолғап киіп алдымен сол жақ айнасын шешіп әкелді. Адамдар өтіп бара жатқан соң екіншісін шешуде бөгелді.  Ол кезде мен көліктің артқы жағында 6-7 метрде жан-жақты қарап тұрдым” - дейді ол. 

Сондай-ақ ол көліктен түсіп бара жатқанда қолындағы рюгзакта ас үй пышағы болғанын айтты. 

“Бір қарасам көліктің алдында төбелес басталып кетіпті. Көліктің иесі кеп қалғанын ұқтым.  Бір кезде Арман Құдайбергенов спорт алаңына қарай  қаша жөнелді. Денис оны қуып жетіп, екеуі тағы алысты. Егер Арман қашып кетсе, мен ол жаққа жоламай қашып кетем деп артқы жақта болдым. Жақындап барсам Арман белдігін сермеп,  жасқап жатыр екен.  Мен жүгіріп барғанда Арман сым сеткаға сүйеніп, құлап жатты.  Мен Денистің артынан келіп иығынан тартып, қолымдағы пышақты көрсеттім.  Ол қорқып кетер деген ой болды. Ол қорықпады, содан қалай пышақ салғанымды білмей қалдым. Денис тұрып қалғанда,  Арман екеуіміз қаша жөнелдік,  жолда талдың арасына пышақты лақтыра салдым.  Көлікке келген соң Жанарға звондап, қайда екенін білдік. Оны жолдан алып, Сайран жаққа барып,  беті қолымызды жудық.  Ол өлмейтін шығар деп ойладық.  Сол күні түнгі 22.00 шамасында полицейлер мен үйден ұстап әкетті. Қасақана адам өлтірді дегенге келіспеймін, ойымыз тек ұрлық жасау еді”, - деді Нұралы Қиясов.

Сондай-ақ ол,  Денистің туыстарынан және қазақстандықтардан кешірім сұрады.

“Ана болған соң жүрегі ауырады. Егер кешіре алсаңыз, кешіре гөріңіз.  Сондай-ақ қазақстандықтардан да кешірім өтінемін”, - деді ол.

Айта кетсек, қазір Алматыда қазақстандық спортшы Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Автор: Әділет МҰСАХАЕВ
Өзгелердің жаңалығы