COVID-19. Оқу жылы басталғалы 1741 оқушы ауырды

27 Қараша 2020, 17:13
1765
Бөлісу:
COVID-19. Оқу жылы басталғалы 1741 оқушы ауырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде оқу жылы басталғалы бері қанша оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтты.

Оқу жылы басталғалы бері 1741 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды, оның  482-сі (немесе онлайн режимде оқитын оқушылардың жалпы санының 0,05%-ы) кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасынан тіркелді. 1259 жағдай қашықтан оқитын балалар арасында анықталып отыр. Соңғы апта ішінде 12 өңірде кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасынан 129 жағдай расталған, - деді ол.

Министр соңғы кездері маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау деген сияқты коронавирус инфекциясының негізгі профилактикалық шаралары саналатын талаптарды орындау деңгейі төмендеп кеткенін жеткізді.

Карантиндік шаралардың сақтау мақсатында мобильді мониторингтік топтар рейдтік жұмыстарды әлі де жалғастырып жатыр. Мониторингтік топтардың рейдтік жұмыстары нәтижесінде өткен аптада республика бойынша карантин талаптарын сақтамаған нысандардың үлес салмағы өзгеріссіз қалып отыр, 10,7%, - деді ол. 

Алексей Цой қазақстандықтарды  алда келе жатқан мерекелерге байланысты карантин шараларын мұқият сақтауға шақырды.

Айта кетейік, министр бұған дейін 27 қарашадағы жағдайға сәйкес республика «сары» аймақта екенін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы