Алматыда мас жүргізушінің кесірінен бүтін бір отбасы жанып кете жаздады

14 Тамыз 2019, 14:47
2267
Бөлісу:
Алматыда мас жүргізушінің кесірінен бүтін бір отбасы жанып кете жаздады
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен түні Алматыда мас күйінде көлікке отырған жүргізуші газ құбырына соғылып, салдарынан өрт шығып, бірнеше адам өліп кете жаздады.

Zakon.kz хабарлауынша, Mercedes жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан. Асқаров көшесіне жеткенде айналма жолда жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, көлік бордюрден асып түсіп, газ құбырларына барып соғылған. Қатты соққыдан газ құбырлары жарылып, өрт шығып, жақын жердегі жеке тұрғын үйді шарпыған.

1565769058_img_7844.jpg

Куәгерлердің сөзінше, Mercedes-те 3 ер адам отырған, үшеуі де мас болған. Жол апатынан бірер минут бұрын Асқаров көшесінде ер адамдар өзге біреумен жанжалдасып қалған көрінеді. Артынша, олар көлікке отырып, тезірек кетіп қалмақ болған. Алайда, мас күйінде рөлге отырған жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған.

1565768988_img_7822.jpg

Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі мен полицейлер келді. Алдын ала мәлімет бойынша, жол-патрульдік полиция қызметкерлері өрттен баланы аман алып қалған.


1565769022_img_7828.jpg

«Біздің бірден екі нарядымызға "Боран - 139" және "Боран - 143" Mercedes маркалы көліктің жол апатына ұшырап, газ құбырын зақымдап, салдарынан көгілдір отын жанып, тұрғын үйлердің бірі өртке оранғаны туралы хабарлама келіп түсті. Полицейлердің алдынан шыққан әйел отбасы мүшелерінің барлығы үйдің ішінде екенін айтты. Ол өте қобалжып тұрды. Біз қанша тырыссақ та, әйел адам өрт ошағына қарай жүгіріп баласын құтқармақ болды. Полиция сержанты Алмаз Әсетпен бірге үй иелерін табу үшін өртке оранған аумақты барлап шығуға шешім қабылдадық. Өрт үйдің ауласындағы барлық жерді шарпып, алайда үйге жетпеген болатын. Тілсіз жаудан 11 жасар қыз бен екі ер адам құтқарылды. Олардың өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Өртке оранған үйге келіп жеткен өрт сөндіру қызметі өртті ауыздықтап, толығымен сөндірді», - деді Жол-патрульдік полиция полкінің инспекторы, аға сержант Бауыржан Жексембиев.


Полицейлер баласы үшін отқа түспек болған ананың батырлығын атап өтті.

«Ана махаббаты – бұл ерекше сезім. Әйел адам баласын құтқарғысы келіп барынша талпынып тұрды. Бұл бізге күш берді», - деді аға сержант.

1565769042_img_7833.jpg

Полиция департаменті Mercedes автокөлігінің тізгінінде мас адамның отырғанын растады.

Өзгелердің жаңалығы