Бүгін – Қазақ киносының күні

12 Қыркүйек 2021, 12:51
3125
Бөлісу:
Бүгін – Қазақ киносының күні

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін – қазақ киносының күні. Алғашқы қазақ кинотуындысы ретінде «Амангелді» фильмі саналады.

«Ленфильм» студиясында түсірілген картина ұлт батыры Амангелді Иманов туралы баяндады. Режиссері - Марк Левин, ал Амангелдінің рөлін актер Елубай Өмірзақов ойнады. Осылайша, қазақтар туралы түсірілген алғашқы фильм дүниеге келді. Қазақ киносының одан арғы дамуы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына келді. «Ленфильм» мен «Мосфильм» студиялары Алматыда жұмыс істей бастады.

1941 жылдың 12 қыркүйегінде Алматы қаласында фильмдердің түсірілімімен Көркем және деректі фильмдер студиясы айналыса бастады. Кейіннен ол «Қазақфильм» атауына өзгертілді. Қазақстан кинематографистері одағының басшысы Бауыржан Нөгербеков 2005 жылы бұл күнді (12 қыркүйек) «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды.

Содан бастап бұл дата жыл сайын атап өтіліп келеді. Қазақ киносында «Амангелдіден» кейін қазақ халқының тағдыры мен болмысын бейнелейтін талай туындылар дүниеге келді. Олардың арасында «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Девушка джигит» және тағы басқалары бар. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды. Экранға қазақ халқының өткен өмірін көрсететін «Абай әні» (1946), «Шоқан Уәлиханов» (1957), «Қыз Жібек»(1972), «Сұлтан Бейбарыс» (1989), «Отырардың күйреуі» (1992), «Махаббат бекеті» (1993), «Жамбылдың жастық шағы» (1996), т.б. картиналар шықты. Балаларға арналған «Қанатты сыйлық» (1956), «Менің атым Қожа» (1963), «Қызыл тас заставасы маңында» (1969), «Көксерек» (1973), «Алпамыс мектепке барады» (1976), «Балалық шақтың кермек дәмі» (1983), «Сүйрік» (1984), «Ауылым Алатаудың баурайында» (1985), т.б. секілді фильмдер жарық көрді.


Өзгелердің жаңалығы