Бас жаңалықтар
Болашақпен оқуға түсушілерге қандай талаптар қойылады
01 Қазан 2021, 16:40 768

Болашақпен оқуға түсушілерге қандай талаптар қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. БҒМ-нің аппарат жиналысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозова «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау барысы және атқарылып жатқан жұмысы туралы баяндады.

2020 жылы 6 мамырда Үкімет Қаулысымен бекітілген жаңа іріктеу ережесіне сәйкес сапалық өзгерістер шеңберіндегі барлық үміткерге ортақ талап қойылады. Басым мамандықтар тізбесінен мамандығы бойынша ұсынылатын ЖОО тізіміне енгізілген шетелдік ЖОО-дан шартсыз шақырудың болуы. Бұл – бірінші талап. Екіншіден, мемлекеттік тілді игеру көрсеткіші Қазтесттің кемінде В1 көрсеткішін алу. Яғни, 150 сұрақтың кемінде 105-іне дұрыс жауап беруі керек, - деп түсіндірді Айнұр Қарбозова.
Айтуынша, жоғарыда айтылғандар бағдарламаның негізгі талаптары.
2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 5 оқу бағдарламасы ұсынылды. Соның ішінде магистратура, ауылды жерлерден қатысатындар үшін магистратура, медицина үшін резидентура, докторантура және тағылымдама. Тағылымдаманың шетелде кадрларды даярлау республикалық комиссиясының шешімімен 6 санаты бекітілді. Олар – ғалымдар, педагогикалық, денсаулық сақтау, инженерлік-техникалық қызметкерлер, мемқызметшілер және мәдениет пен спорт саласы қызметкерлері, - деді орталық президенті жиналыста.
Айтуынша, осы жылы бөлінген шекті стипендия саны – 1 055. Оның 555-і академиялық магистратура, докторантура, резидентура және тағылымдаманың 5 санатына бөлінеді. Қалған 500 стипендия ғалымдарға бөлініп отыр.

Қазіргі күні құжат қабылдау жүріп жатыр. Яғни, 4 мамырда басталған құжат қабылдау процесі 28 қазанға дейін жүргізіледі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...