Болашақ бүгіннен, өзгеріс өзімізден басталады – Ерлан Құсайын

19 Маусым 2019, 19:52
5726
Бөлісу:
Болашақ бүгіннен, өзгеріс өзімізден басталады – Ерлан Құсайын
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін он нақты бағытты қадап айтты. Осыған байланысты Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын өз ойын білдірді.

«Қоғамдық келімсім» КММ басшысы еліміздің жаңа президентінің сайлануы тарихи оқиға екендігін, біз ел тағдыры таразыға түскен тарихи кезеңде тұрғандығымызды айтады. Ерлан Құсайынұлы мемлекет басшысының ұлықтау рәсімінде айтылған он бағытын жүзеге асыру әрқайсымыздың міндетіміз деген пікірде.

«Жаңа сайланған Президент «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін» деді. Иә, сайлау науқаны барысында аламанда аманат арқалап, бақ сынаған жеті үміткердің бағдарламасында, түрлі қоғам қайраткерлерінің, өзге де мүдделі топтар тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлердің айтылғаны белгілі. Сондықтан да бұл өте маңызды месседж деп білемін. Оның үстіне құрылғалы жатқан Ұлттық кеңестің де жұмысына артылар үмітіміз мол», - дейді Ерлан Бейсембайұлы.

Оның сөзінше, қай заманда, қай қоғамда болмасын мемлекеттің дамуы тікелей басшыға байланысты болған.

«Бұл - өмірдің өзі дәлелдеген шындық, айналып өте алмайтын ақиқат. Тарлан тарихтан талай мысалдар келтіруге болады. Ұлыбританияны әлемдік державаға айналдырған Оливер Кромвель, өмір бойы өзгенің боданында болған Үндістанды құлдық қамытынан құтқарған Джавахарлал Неру, алпыс миллион түріктің арманын бір арнаға тоғыстырған Кемал Ататүрік, сіңірі шыққан Сингапурды әлемнің алдына шығарған Ли Куан Ю және өзге де заманының заңғарлары елге адал қызмет қылудың өшпес үлгісін қалдырып кетті. Адамзат ұстазы Аристотельдің «Мемлекеттік пайда болуы – Құдайдан, ал оның дамуы тікелей басшыға байланысты» деген дана сөзі бар. Осы тұрғыдан келгенде қазақ елінің де бағына бола туған ерлері, қайраткер тұлғалары аз емес. Кезіндегі Керей мен Жәнібектер, Абылай мен Кенесарылар, Исатай мен Махамбеттер, алаштың ардақтылары Әлихан мен Ахметтер бастаған арыстарымыз алашқа адал болды, ғазиз бастарын бәйгіге тікті, сол жолда құрбан болды. Өткенге салауат айтқан елміз. Құдайға шүкір, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Ата-бабамызға арман болған азаттығымызды алғалы да ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Осы аралықта тәуелсіз еліміз біраз кезеңдерді басынан өткерді. Экономикалық дағдарыстар, басқа да қиыншылықтар аз болған жоқ. Бірақ соның бәрінен еліміз аман-сау өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмыз», - дейді Ерлан Құсайын.

Ерлан Бейсембайұлы еліміздің бүгінгі күнге аман-cау жетуіне бірнеше факторлар себеп болғандығын айтады. Оның алғашқысы, елдің ауызбіршілігі мен ымыралы ынтымағының арқасы.

«Екіншіден, сауатты да сабырмен жүргізілген саясаттың жемісі, Елбасының еңбегі. Босағамыз бекіді, шекарамыз шегенделді. Бейбітшіл, тұрақтылығы мен татулығы жарасқан ел ретінде алыс-жақынға танылдық, ерке Есілдің екі жағалауынан ару астанамызды салдық. Айта берсе аз емес. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды. Дүние өзгереді, буын алмасады. Бүгін де біз осындай аса маңызды тарихи сәттің куәгеріміз. Ел тағдыры таразыға түскен тарихи кезеңде тұрмыз. Елбасымыз өз уәкілеттігін мерзімінен бұрын доғару туралы шешім қабылдады. Кезектен тыс сайлау да демократиялық қоғамның қағидаттарына сәйкес өтті. Халық таңдауын жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел Президенті болып сайланды. Алты миллион бес жүз мың адам сабақтастық үшін, әділдік үшін, өрлеу үшін дауыс берді», - дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы.

Оның айтуынша, халықтың әл-ауқатын арттыру ең басты, ең негізгі мәселе. Сондықтанда әлеуметтік саясатты түбегейлі түрде қайта қарастыратын уақыт жетті. Ерлан Бейсембайұлы жыл басынан бері қоғамды дүрліктірген мәселелер әбден толғағы жетіп, пісіп жетілген дүние екендігін айғақтап бергендігін айтады.

«Қоғамның кез келген саласындағы әділдіктің салтанат құруы, заңның үстемдігі, қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі, халықты сумен қамтамасыз ету, жолдардың сапасы халықты мазалайтын мәселелер. Міне, осы және өзге де өзекті сұрақтарды шапшаң шешу мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев он түрлі бағытты қадап айтты. Халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру» құндылықтары, сыртқы саясат және жастар мәселесі. Аталған бағыттардың барлығы да әбден ойластырылған, популизмнен аулақ, нақты іс-шараларға негізделген ашық әрі стратегиялық бағдарлама деп білемін. Сондықтан да оны жүзеге асыру – бұл әрқайсымыздың міндетіміз. Сырттан бізге ешкім келіп, ештеңе жасап бермейді. Өз болашағымыз – өз қолымызда. Болашақ бүгіннен, өзгеріс өзімізден басталады. Бірге болайық, халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етейік!», - деп сөзін тәмәмдады Ерлан Құсайын.

Өзгелердің жаңалығы