Бас жаңалықтар
Дәурен Абаев блогерлердің өмірімізге ықпалы жайлы айтты
24 Тамыз 2019, 12:41 353

Дәурен Абаев блогерлердің өмірімізге ықпалы жайлы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ақпарат және коғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Қазақстанды таны" атты халықаралық блогерлер форумын ашты.

"Бүгін осы залда әлемнің 18 елінен блогинг саласының ондаған лидері жиналды. Қазіргі әлемде блогерлер не киіп, не жеп, не тыңдап, не қарап, бос уақытымызды қай жерде қалай өткізетінімізге ықпал етеді. Сіздер, блогерлер біздің көптеген елдердің туризмі, урбанистикасы, сәулеті мен мәдениеті туралы ойымызды түпкілікті өзгерттіңіздер. Бүгінгі күні бүкіл әлемдегі саясатшылар туристік бағыт таңдағанда әлеуметтік желілердегі суреттерді, форум мен блогтардағы пікірлерді негізге алады. Әлемдегі танымал жерлердің көбі әлеуметтік желілердегі жазбалардан кейін саяхатшылар арасында танымал әрі сұранысқа ие болды. Бүгінгі форум еліміз жайлы көбірек қызықты әрі пайдалы ақпарат алуға мүмкіндік беретін жаңа контент жасауға ықпал етеді деп сенемін", - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, бүгінгі шара барлық қатысушыларға бір-бірімен тәжірибе алмасуға, бірлесіп жаңа жобалар бастауға мүмкіндік береді. Сөз соңында Абаев қатысушылардың барлығына сәттілік тіледі.

Атап өтсек, бүгін елордада "Қазақстанды таны" атты халықаралық блогерлер форумы басталды.

Бейбітшілік және келісім сарайында басталған шара ертең де жалғасын табады. Форум еліміздің және шет елдердің блогерлерін, цифрлық технологиялар, блогинг пен жаңа медиаға қызығушылық танытқан жастарды бір алаңда жинады. Қатысушылар қатарында халықаралық блог-турмен елімізді аралап шыққан шетелдік блогерлер де бар. 

Форумның алғашқы күні жастар көп келді. Олар танымал блогерлерден қолтаңба алып, фото мен видеоға түсіріп, үлкен қызығушылық танытуда.

Іс-шара аясында еліміздің және шет елдердің танымал блогерлері жастарға шеберлік сабақтары мен панельдік сессиялар өткізеді. Олар блогерлік арқылы қалай ақша табуға болатындығы, саяхат-блогингі немесе инстаграмда блогты қалай жүргізу керектігі туралы, тағы басқа блог тақырыбына қатысты өз білімдерімен бөліседі.

Сонымен қатар, форумда "Мен Қазақстаннанмын" видеоблогерлер бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді.

Іс-шара Жастар жылы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ және "A kind heart" ҚБ ұйымдастырумен өтіп жатыр.

Жоба талантты жастарға өз потенциалын дамытуға, жаңа медианы меңгеруге көмектесуге, туризмді дамытуға және Қазақстанның шетелдегі имиджін қалыптастыруға бағытталған.


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық