Бас жаңалықтар
«Біз – бандамыз»: Академия қызметкерінің жұмысқа оралуға мүмкіндігі жоқ
08 Қаңтар 2019, 17:50 309

«Біз – бандамыз»: Академия қызметкерінің жұмысқа оралуға мүмкіндігі жоқ

Астана, baq.kz тілшісі. Қарағанды академиясының теріс қылығы үшін жұмыстан қуылған қызметкері қайтадан ішкі істер органдарына қызметке тұра алмайды. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлім етті.

«Әлеуметтік желі арқылы біздің министрлікке қарасты Қарағанды Академиясының қызметкері видеоүндеу арқылы Жаңа жылмен құттықтады. Аталған оқиға бойынша, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеріс пен тергеу жүргізді. Тексеріс нәтижесінде курс басшының орынбасары ішкі істер органдарындағы қызметінен теріс қылығы үшін босатылды. Бұл оған ішкі істер органдарындағы қызметі қайта оралуға мүмкіндік бермейді», - деді министрдің бірінші орынбасары. 

Сонымен қатар Жанат Сүлейменов аталған курстың басшысы мен академия басшысы міндетін уақытша атқарған азамат та қызметінен босатылғанын жеткізді.

«Академияның жаңа басшысы Жаңа жылдан соң тағайындалды.  Қызметінен босатылған академияның бұрынғы басшысы, полиция генерал-майоры Жанат Кенжетаевтың аталған іске қатысы жоқ. Себебі, өткен жылдың желтоқсан айында оның қызметтік жасының аяқталуына байланысты оны қызметтен босату туралы рапорт түскен», - деді министрдің бірінші орынбасары.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде полицейлерді Жаңа жылмен құттықтаған видеосы тараған. Ол халықтың ашуын тудырған.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, видеоны Қарағанды қаласындағы академияның бірінші курс жетекшісінің орынбасары түсірген.

«Құрметті бауырлар, сіздерді келе жатқан 2019 жылмен құттықтаймын. Бауырларыма жұмыста өркендеп өсулерін тілеймін. Тамыр—таныстығымыздың көмегі ұрпағымызға да тисін. Достығымыз риясыз болсын. Біз – бауырлармыз, турасын айтқанда – бандамыз! Қазақстанымыз өркендей берсін, отбасымыз аман болсын», - деді видеодағы азамат.

Кейін ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев Қарағанды әскери академиясының қызметкерлері жұмыстан босатылғанын хабарлаған.

Осыған дейін 2018 жылдың 31 желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарға қараған түні шамамен таңғы 04:30-да Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасының аумағында төбелес болғанын жазғанбыз. Салдарынан 23 жастағы жігіт қаза тапқан. 

Астанада өткен брифингте Қарағандыда болған төбелес ұлтаралық қақтығыс негізінде туындамағанын, төбелестің неден болғанын, оған қанша азаматтың қатысқанын, күдіктінің бірі Ресейге қашып кеткенін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ «Древний Рим» мейрамханасында болған қанды оқиғаның толық хронологиясын да жариялағанбыз.
Загрузка...

Сізден жаңалық