Биыл «Жасыл ел» жасақтары 28 мың түп ағаш отырғызған
6 Желтоқсан 2021, 18:03 205

Биыл «Жасыл ел» жасақтары 28 мың түп ағаш отырғызған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы «Жасыл ел» республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 17-ші еңбек маусымының республикалық жабылу салтанатында айтты. 

Жалпы алғанда, жасақтар климаттық аймақтарға байланысты 28 021 түп ағаш көшеттерін отырғызды, ал жалпы жұмыс атқарылған жер аумағы 5508,8 гектарды құрады. Сонымен қатар Ақтөбе облысының штабы 7 орман тәлімбағында қосымша 2 миллионнан астам көшет отырғызды, – деді ол.

Республикалық штаб жетекшісі Азамат Данияр 2021 жылы Қостанай және Түркістан облыстарының жастары «Жасыл елде» неліктен жұмыспен қамтылмағаны туралы түсіндіріп өтті.

Биыл бүкіл Қазақстан бойынша 25 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтамасыз ете алдық. Бұл – жақсы жаңалық. Дегенмен бұл санды арттырып, Қостанай, Түркістан облыстарында жұмысты қалпына келтіру қажет. Мәселен, Қостанай қаласында жоба «Жастар мәслихаты» жобасы арқылы жүзеге асырылып, іс-шаралар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бақылауында тұрған мердігерлермен тікелей жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Азамат Данияр айтқандай, аудандарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қызмет атқарылып, қаражат біркелкі бөлінбейді, кейбір аудандарда бағдарлама мүлде жүзеге асырылмайды.

Осылайша, Қостанай облысында «Жасыл ел» өңірлік штабы жұмыс істемейді және аудандардағы жасақтар, құрал-жабдықтар мен бюджеттің толық есебі жоқ.Ал Түркістан облысына келер болсақ, аймақтың жаңа инфрақұрылым құруына байланысты биыл «Жасыл ел» өкілдігіне бюджет бөлінбеді. Алдағы 2022 жылға қаражат бөлу және оның жұмысын жандандыру жоспарланған, – деді ол.

Сондай ақ Азамат Данияр Жамбыл және Маңғыстау облыстарындағы «Жасыл ел» ұйымының қызметін қайта қарау қажеттілігі туралы пікірін білдірді. 

Соңғы жылдары бұл ұйымдардағы еңбек жасақтарының жұмысы қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтары арқылы қамтамасыз етілген. Жасақтардың функционалдық міндеттері мен киім үлгісі туралы сұрақтар да назардан тыс қалмады, – деді Азамат Данияр.


Фото: автордан
Загрузка...