Бас жаңалықтар
Біртанов: Еліміздегі ауруханалардың жалпы тозу көрсеткіші - 60%
18 Мамыр 2020, 10:50 142

Біртанов: Еліміздегі ауруханалардың жалпы тозу көрсеткіші - 60%

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде салынғалы жатқан 16 жоғары технологиялы ауруханаға қатысты пікір білдірді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін 2020-2025 жылдар аралығында Қазақстандағы ескі 40 аурухананың орнына 16 жоғары технологиялы аурухана салу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Облыстық, қалалық көпбейінді ауруханалар мен университеттік клиникалар халықаралық стандарттар бойынша салынады. Әрқайсысы  заманауи медициналық техника, ақпараттық және техникалық қамтамасыз ету жүйесімен жабдықталатын болады.

Осыған қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында пікірін білдірген еді.
Біз аурудың алдын алу және ерте анықтау бағытын қолға алдық. Ол үшін емханада көрсетілетін көмекті дамытып жатырмыз. Бұл жолда бүкіл әлем бізге алдымен Алматы, содан кейін Астана декларациясы арқылы қолдау көрсетті. Бірақ, стационарлық көмек те дамуы керек. Өйткені, соқырішек дерті немесе босану тоқтап қалмайды. Кардиохирургтар мен нейрохирургтар науқастарды инфаркт пен инсульт кезінде, ал травматологтар – политравалар кезінде құтқаруы тиіс. Денсаулығында туабітті және жүре пайда болған дерті бар балалар түрлі операцияға, ал ересектер буындар немесе басқа да органдар мен тіндерді трансплантациялауға мұқтаж. Осыларды және өзге де көптеген дүниені тек стационарлық жағдайда ғана жасауға мүмкіндік бар, - деді министр.

Елжан Біртановтың айтуынша, ел азаматтары Оңтүстік Корея, Германия, Түркия ауруханаларында ем қабылдауға ұмтылуда. 
Біздің ауруханаларымыздың 80%-дан астамы кеңес уақытында салынған, оның 20%-дан астамы арнайы бейімделген ғимараттарда (бұрынғы жатақханалар, балабақшалар және т.б.). Ауруханалардың жалпы тозу көрсеткіші 60%-ды құрайды. Мұндай жағдайда озық технологияларды дамыту мүмкін емес, олар науқастар мен қызметкерлер үшін жайсыз, медицина қызметкерлерінің кәсіби өсуін тежейді. Тұтас әлем жаңа клиникалар салып жатыр және біздің елдің азаматтары Оңтүстік Корея, Германия немесе Түркияның заманауи ауруханаларында ем-дом қабылдауға ұмтылады. Сондықтан, біз шетелдік әріптестерді тарта, озық медициналық технологияларды енгізе және мамандарымызды оқыта отырып, ескі, жеке-жеке және тар бейінді шағын ауруханалардың орнына жаңа ауруханалар салуымыз керек, - деп жазды ол.

Министр тек осындай жағдайда ғана заманауи технологияларға қол жеткізе отырып, қазақстандық медицина қызметкерлері кәсібиліктің жаңа деңгейіне көтерілетінін айтады.

Оның сөзінше, тек сол кезде ғана амбулаториялық және стационарлық көмек арасында сабақтастық орнап, қазақстандықтар сапалы отандық медицинаға ие болады.

Фото: дереккөз
Загрузка...