Бас жаңалықтар
Біртанов: Қазіргі қуанышты жаңалық – дәрігерлердің жалақысын көтеру
27 Ақпан 2019, 16:27 955

Біртанов: Қазіргі қуанышты жаңалық – дәрігерлердің жалақысын көтеру

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінен кейін журналистердің сұрағына жауап берді.

«Денсаулық саласына қатысты Мемлекет басшысы нақты тапсырма қойды. Елбасы тікелей атап өткендей, дамытуды қажет ететін ең маңызды бағыт – алғашқы медициналық көмек, амбулаториялық көмек. Себебі дамыған елдерді алсақ, жалпы бүкіл дәрігердің консультациялық көмегінің 80%-ы – алғашқы медициналық көмектің мамандары, яғни жергілікті учаскелік дәрігерлер, терапевт, педиатрлар», - деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, ол осы бағытты дамыту үшін бірнеше нақты тапсырма берілгенін атап өтті.

«Елбасы Жолдауында да ең жиі кездесетін ауруларды арнайы мемлекеттік бағдарламаға көшіруді айтты. Осыған орай, 2019 жылдың қаңтарынан бастап, осы бағдарламаны енгізіп жатқан дәрігерлердің, мейірбикелердің жалақысын 20% көтердік. Қазіргі қуанышты жаңалық – дәрігерлердің жалақысын көтеру», - деп сөзін жалғады министр.

Сондай-ақ, Елжан Біртанов министрлік осы саладағы басым бағыттарды игеруге дайын екенін айтты.

«Алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жұмыстар басталып кеткен. Ол үшін дәрігер үйге жақын болу керек. Біз үлкен ауруханаларда 20 дәрігер отырғанына үйреніп қалғанбыз. Оған жету үшін тұрғындар 40 минут кететінін анықтадық. Автобусқа отырып жеткенше ұзақ уақыт. Енді осының орнын толтыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде кіші орталықтар ашылады. Сонда дәрігерге 5-10 минутта жететіндей қыламыз. Осылайша, халық алғашқы медициналық көмекке тез қол жеткізеді», - деп сөзін түйіндеді Денсаулық сақтау министрі.

Рахиля Бекназарқызы

Сізден жаңалық