16 мыңдай алматылық 42 500 теңге төлемді қайтарып берген

17 Шілде 2020, 13:42
2810
Бөлісу:
16 мыңдай алматылық 42 500 теңге төлемді қайтарып берген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұған дейін Алматы қаласы бойынша 441 мың адам 42 500 теңге көлеміндегі төлемді алса, оның 16 мыңнан астамы төлемді қайтарып берген. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы онлайн брифинг кезінде айтты.

Брифинг барысында ол шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін бірреттік төлем жайлы айтты.
Осы шілде айына табысынан айырылған азаматтарға тағы да 42 500 теңге көлемінде төлем беріледі. Құжаттар 1 қыркүйекке дейін қабылданады, сондықтан өтінішті асықпай беруге болады. Бұл төлем кімдерге беріледі дегенге келер болсам, біріншіден, кәсіпорындарда жұмыс істейтін және осы енгізілген шектеулерге байланысты қызметінен айырылып, жұмысы тоқтатылған, жалақысы сақталмайтындарға тағайындалады. Бұған екінші деңгейлі банк қызметкерлері және мемлекеттік кәсіпорындар, үлесі 100 пайыз мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға бұл төлем берілмейді. Екіншіден, жеке кәсіпкерлерге және жеке тәжірибемен айналысатын азаматтарға (нотариус, адвокат), өз-өзін жұмыспен қамтып жүргендерге беріледі. Алайда жұмысы тоқтамаған мекемелер бұл төлемге қатыса алмайды,- деді ол.
Сонымен қатар, ол бірретік төлем алуға құжат өткізуде өзгерістер енгізілгенін жеткізді.
Бұған дейін әр жұмысшы төлем алу үшін құжатын өзі өткізетін. Осы жолғы бұйрықта аздаған өзгерістер бар. Енді жұмыс беруші қол астындағы өзінің әр жұмысшысы үшін өтініш береді, яғни бәрін жинап тізім бойынша бүкіл ақпаратты береді. Содан кейін барып қана төлем тағайындалады.  Өтінішті Egov  порталы арқылы тапсыруға болады. Басқа санаттағы азаматтар телеграм боттар арқылы өтініш бере алады. Ал жұмысынан айырылған азаматтар жұмыспен қамту орталығына барып тіркелген жағдайда бұл төлемді алуға мүдделі болады, -дейді Данияр Әлкебайұлы.

Өзгелердің жаңалығы