Бір данасы 1 млн теңге тұратын қымбат дәрілер МӘМС аясында тегін беріледі

13 Қаңтар 2020, 18:13
3114
Бөлісу:
Бір данасы 1 млн теңге тұратын қымбат дәрілер МӘМС аясында тегін беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тегін берілетін дәрілер тізімі ұлғайғанымен қымбат дәрілер алынып тасталды деген шағымдар аймақтардан түсіп жатыр. Мәселен, "Сальбутамол", "Альвеско" деген аса қымбат дәрілер қазір берілмейді деген ақпарат тараған. Халық арасында туындаған осы мәселеге қатысты тілшінің сауалына "СҚ-Фармация" ЖШС басшысы Берік Шәріп брифинг барысында жауап берді. 

Біріншіден, дәрі-дәрмектің тізімі кеңейтілді. Қымбат дәрілер азайтылды деген ондай жоқ (дұрыс ақпарат емес – ред.). Бұның алдында айтып кеткенімдей, 45 нозология бойынша дәрілердің тізімі түгелімен қалды. Қосымша бұл тізімге жаңа 225 атау кірді. Оның ішінде, мысалы, онкологияға қарсы жаңа химиялық молекулалар, антиденелі дәрі-дәрмектер, иә, олар бағасы жағынан өте қымбат. Бұл дәрілердің бір данасы, бір флаконы 1 млн теңгеден астам. Бірақ, соған қарамастан, бұл дәрілер МӘМС аясында амбулаториялық деңгейде тегін беріледі. Сол себепті, бұл ақпаратқа қатысты айтарым, бір түсініспеушілік болуы мүмкін. Алайда, дәрі-дәрмектің тізімі өзгерген жоқ, - деп айтты Берік Шәріп. 

Спикердің сөзіне сүйенсек, мекемелер дәрілермен толығымен қамтамасыз етіліп жатыр. 

Бұл орайда, ол өңірлерде жылда тегін берілетін дәрі-дәрмектерді аларда "пациент жылдың басында және жылдың соңында қиналады" деген пікірге қатысты түсініктеме беріп өтті.

Әр жылы бұл жағдай болып тұруы мүмкін. Бірақ, уақытша ғана. Өйткені, біз 5 қаңтардан бастап дәрі-дәрмекті 160 мекемеге толығымен жеткізуді бастадық. Кейбір кезде, өкінішке қарай, ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жабылып қалады. Соның салдарынан мәселен, 5 қаңтарда емес, 8 қаңтарда кешіктіріп жеткіздік. Қазір біздің қоймаларда дәрі жеткілікті түрде бар. 14 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер мекемелерге жеткізіліп жатыр, - деді "СҚ-Фармация" басшысы.

Айта кетейік, науқастардың қандайда бір шағымдары болып жатса, "1439" нөміріне тегін қоңырау шалу арқылы толыққанды жауап ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, тегін дәрі-дәрмек 18 жасқа дейінгі балаларға берілетіндігін айтқан едік. 

Өзгелердің жаңалығы