Бір әкеден тарағандардың үйленуінің алдын алу. Тілеухан ұрықтың жалғыз базасын құруды ұсынды

14 Сәуір 2021, 11:31
2007
Бөлісу:
Бір әкеден тарағандардың үйленуінің алдын алу. Тілеухан ұрықтың жалғыз базасын құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы депутат Бекболат Тілеухан Мәжілістің жалпы отырысында айтқан депутаттық сауалында ұсынды.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдап отырған сауалым елеусіздеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейтін, жеті атасын білмей, қыз алмайтын қазаққа өте маңызды деп ойлаймын. Қазақта ең ауыр сөз – тексіз. Айтпағым, экодонор болу мәселесі. Бізде заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адамдар жасырын түрде донор бола береді. Генетикалық сараптамасы жақсы болса, аталық ұрығын тапсырады. Қанша рет тапсырса да өзі біледі. Шектеу жоқ. Сауалнамада жүзі, салмағы, мамандығы көрсетіледі. Көңілі қонған адамды таңдап алады, - деді Тілеухан. 

Депутат жыл сайын бір клиникада осы жолмен 70 бала дүниеге келетінін айтты.

Бұл ертең еліміздің түкпір-түкпірінде бір әкеден қанша бала дүниеге келуі мүмкін. Олар бір-біріне үйленуі мүмкін. Бажайлап айта берудің өзі мына сауалда ыңғайлы емес. Тыңдап отырған қыз-жігіттер бар, барлығын айтпай-ақ қояйын. Бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу, ауру балалар санын азайту үшін бұл мәселе маңызды деп ойлаймын, - деді ол. 

Бекболат Тілеухан болашақ ұрпақтың денсаулығы мен тексіздіктен сақтау мақсатында бірнеше ұсынысын айтты.

Қазақстан бойынша аналық және аталық ұрықтың тек бір ғана базасы болуы керек. Донорлар тек сол орталыққа тапсырып, содан алуы керек. Бір реттен артық донор болуға рұқсат етпеу керек. Бір донордың ұрығын екі адамнан артық қолданбау керек. Осыны реттеуді ұсынайын деп едім, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы