Ол ұзақ ауырды: Бейсен Құранбектің жары жан сырымен бөлісті

21 Мамыр 2020, 12:15
56472
Бөлісу:
Ол ұзақ ауырды: Бейсен Құранбектің жары жан сырымен бөлісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында өмірден өткен танымал тележурналист Бейсен Құранбекті жоқтаған жары Гүлмира халыққа басу айтты. Бұл туралы "Жетісу" телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлы жазды.

Өмірден өтті... Мәңгілік мекеніне жетті... Ол кісінің демі үзілсе, менің де тынысым тоқтайтындай көрінетін. Алайда, кеудемдегі жаным шықпаған соң, тірі адам тіршілігін жасай береді демекші, басымды көтеріп, айналама қарауыма тура келді. Алланың ісіне көндім.

Бейсекемнің артынан қаза қайырлы болсын айтып жатқан адамның санында есеп жоқ, қалың қазақ қабырғасы қайысып, көңіл айтуда. Еліміздің игі жақсылары лебіздерін білдіріп, жеделхаттар жолдап жатыр.

Әлеуметтік желілердегі жазбалар, арнаулар мен комментарийлерді бей-жай оқу мүмкін емес, жүрегіңді қан жылатады деген ағайынның өзара әңгімесін үш күннен бері естудемін. Олардың барлығын ашып оқуға жүйкем шыдамады...әйтсе де кеше бірқатарын көрдім, түсіндім. Көрермен қауым, жора-жолдас, майдандас әріптестер, үлгі тұтып соңынан ерген жастар қандай тұлғадан айрылып қалғанын сөзбен жеткізе алмай, зар илеп жоқтап жатыр.

Телеарналар Бекең туралы сюжеттері мен хабарларын жедел түрде дайындап, халық назарына ұсынып, ыстық ықыластарын білдіруде. Алыс-жақын шетелдердегі бауырлар да орны толмас қайғыға ортақтасуда. Баршаңызға әулетіміздің атынан алғысымды білдіремін.

Бейсекемнің мақтауын жеткізіп, бояуды аямай, әсірелеп айта берсем болар еді, бірақ, Құдайға шүкір, оны менен неше есе артық жақсы жеткізетін адамдар баршылық. Әрі оның шынайы бейнесін бетпе бет кездескенде де, көгілдір экраннан да өздеріңіз көріп, бағасын беріп жатырсыздар. Сондықтан мен оның осы дүниеден шын дүниеге өтер кезіндегі соңғы ойларын ғана жеткізсем деймін.

Ол ұзақ ауырды, аурудың жақсысы жоқ, алайда нақ осы дерт адамның сабырлылығы мен төзімін сынауға арналған ба деген ойға қалдым. Ауру дендеп, денені құрсап, қинап жатса да, Бейсекем қабағын бір шытпады, "мына ауру пәле болды, шаршатты" дегенді айтпады. Дүниеден озу осындай да болады екен...

Құдайым мені қай кезде аламын десе де дайынмын. Алланың маған нәсіп еткен өміріне де, сынағына да разымын. Мен жақсы өмір сүрдім. Маған Алла тағала жақсы ата-ана, жанашыр бауыр, адал жар, сүйкімді бала сыйлады. Он екі мүшемді сау қылып, бойыма қуат берді, миыма сана, жүрегіме рух берді. Басыма бақ қондырды. Ел-жұртыма маңдай терімді сыпырып жүріп қызмет етуге мүмкіндік берді. Тағы уақыт берсе, тағы да аянбай қызмет етуге даярмын. Мені жақындарыммен, балаларыммен сынамай, жеке басыма дерт беріп, өз денеммен сынап жатқанына тағы да шексіз ризамын. РИЗАМЫН!, - деп еді Бейсекем. 

Айта кетейік, 18 мамырда белгілі журналист, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек 49 жасында өмірден озды.

Өзгелердің жаңалығы