Ұлттық банк алда инфляция деңгейі қандай болатынын айтты

11 Қазан 2019, 11:38
3705
Бөлісу:
Ұлттық банк алда инфляция деңгейі қандай болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы бойынша баяндама жасады. 

"2019-2021 жылдарға инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6% ауқымында белгіленген. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 5,3% деңгейде болды. Жеміс пен көкөніс бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, дефляциялық процестер байқалмады. Азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 9,1%-ға өсіп, инфляцияға барынша көп үлес қосуын жалғастыруда. Басқа факторлардың ішінде азық-түлікке әлемдік бағаның жоғарылауын, іскерлік белсенділіктің өсуін және төлем балансының ағымдағы шотының нашарлауын атап өтуге болады", - деді Есжан Біртанов. 

Оның бағалауынша, инфляция биылғы жылдың қорытындысы бойынша нысаналы дәліздің жоғарғы шекарасына жақын – 5,7-5,8% деңгейінде қалыптасады.

"Валюта нарығында мұнай бағасының төмендеуі аясында теңгенің біртіндеп әлсіреу үрдісі байқалады. Осы жылдың 9 айында мұнай бағасы орташа есеппен барреліне 65 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты, бұл 2018 жылға қарағанда 12%-ға төмен. 9 қазандағы жағдай бойынша теңге бағамы мұнайдың ағымдағы бағасы барреліне 58,3 доллар болып, 390,04 теңгені құрады. Жыл басынан бергі әлсіреу 1,5%-ды құрап отыр. 1 қазанда Ұлттық Банктің жалпы алтын валюта резервтері 28,8 млрд доллар болды. Елдің халықаралық резервтері жиынтығында, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 88,2 млрд долларды құрады", - деді Біртанов.

Маманның мәліметінше, 2018 жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда тауарлар экспорты 0,8%-ға артып, 28,6 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 7,2%-ға өсіп, 17,2 млрд долларды құрады.

"Кредиттік белсенділік біртіндеп қалпына келуде. Банк секторының жалпы кредит портфелі жыл басынан бері 1%-ға өсіп, 13,2 трлн теңгеге жетті. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда осы жылдың 8 айында банктер 10,9%-ға артық жаңа несиелер берді", - деп түйіндеді Есжан Біртанов.

Бұған дейін әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы артатыны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы