Балқашта 3 жолаушысы бар көлік суға батып кетті

19 Наурыз 2019, 09:18
3531
Бөлісу:
Балқашта 3 жолаушысы бар көлік суға батып кетті

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Алматы-Екатеринбург бағытындағы күре жолдың Балқаш қаласына жақын жеріндегі Шұбар Түбек елді мекенінің маңында ішінде үш жолаушысы бар автокөлік суға батып кеткен. Абырой болғанда адамдар дін аман.

Күре жолды шайған қызыл судың кесірінен Алматыдан Астанаға бағыт алған «Тойота Камри» маркалы автокөлік суға батып кеткен. Алдын ала болжам бойынша көлік жүргізушісі жолдың су шайған бөлігінен өту кезінде тізгінге ие бола алмай жолдың шетіне шығып кетіп, суға батып кеткен. Абырой болғанда автокөлікте болған үш адам дін аман. Олар қауіпсіз жерге өздері шыққан. Ал машинаны құтқарушылар мен сүңгуірлер алып шықты.

«Республикалық маңызы бар «Алматы-Екатеринбург» бағытындағы автожолдың 614-ші шақырымында қардың еруі салдарынан пайда болған су жолдың ернеуінен асқан. Жолдан 1-2 сантиметр асқан су 100 метр қашықтыққа жайылған. Оқиға орнында жол полиция қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-нің мамандары кезекшілік атқаруда. Жолдың аталған бөлігінен көліктер кедергісіз өтіп жатыр. Ескерту белгілері қойылған. Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлерінің күшімен жолдың шетіндегі суға батып кеткен жеңіл көлік шығарылды. Машинада 3 адам болған. Олар медициналық көмекке жүгінбеді», - дейді Қарағанды облысы ТЖД-нің баспасөз қызметі.

15-16 наурыз күндері аталған жолдың Балқаш қаласына жақын жерінде автожолды су шаю фактісі тіркеліп, судың деңгейін түсіру үшін шұғыл шаралар қолданылды. Жолдағы көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ.

Қазіргі таңда облыста су тасқынынан елді мекендерді, күре жолдарды қорғау мақсатында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көпірлер мен жолдардың астындағы құбырлар, арықтар тазартылуда. Сондай-ақ, мамандар су қоймаларындағы судың деңгейін қадағалап, өзендерде мұзды жару жұмыстарын жүргізуде.

«19 наурыз күні облыстық және аудандық автожолдардағы су өткізетін құбырларды тазалау жұмыстары аяқталады. Одан кейін ірі көпірлерді тазалауға кірісеміз. 2-3 күнде бұл жұмыстар аяқталады», - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-нің Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдос.

Синоптиктердің болжамы бойынша, таяу күндері облыс аумағында түнде ауа температурасы -13-ке дейін төмендейді. Аймақта судың тасуы 20 наурыздан басталады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы