Бала өліміне әкеліп соққан батутты қолданысқа енгізген қарағандылық қамалды

26 Мамыр 2019, 12:32
2755
Бөлісу:
Бала өліміне әкеліп соққан батутты қолданысқа енгізген қарағандылық қамалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бала өліміне әкеліп соққан үрмелі батутты қолданысқа енгізген Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны "сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмағаны" үшін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еске сала кетсек, 25 мамырында Қарағанды қаласының Орталық демалыс саябағында ауа райының қолайсыздығына байланысты қатты жел үрмелі батутты аударып тастаған. Оқиға салдарынан 11 жасар бала қаза тауып, тағы да 2 бала түрлі жарақатпен емханаға жеткізілді.

"Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-тармағына сәйкес "Адам өліміне алып келген қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызмет көрсету" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.

Тергеу барысы Қарағанды облысы Полиция департаментінің және прокуратурасы басшылығының бақылауында. 

Өзгелердің жаңалығы