Таулы Қарабақ қақтығысы. Бізге Қазақстанның көмегі керек – Әзербайжан елшісі

5 Қазан 2020, 15:28
4942
Бөлісу:
Таулы Қарабақ қақтығысы. Бізге Қазақстанның көмегі керек – Әзербайжан елшісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Мамедов бұл жөнінде бүгін Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігінде БАҚ-тың қатысуымен армян-әзербайжан Таулы-Қарабақ қақтығысы төңірегіндегі жағдайға байланысты өткен брифинг барысында мәлімдеді. 

Қазақстанда мұндай баспасөз конференциясын өткізуді неге ұйғардық? Біз сіздердің көмектеріңізге мұқтажбыз. Біз достарымыздың, қандас бауырларымыздың, бейбітшілікке ұмтылған бауырлас елдің, аумағында бірқатар этнос өкілдері бірге өмір сүріп жатқан бейбіт қоғам құра алатын адамдардің көмегіне мұқтажбыз. Біз Қазақстаннан ЕАЭО және ҰҚШҰ аясында Арменияны тоқтатуды сұрадық. Біз халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстанның рухани, саяси қолдауына мұқтажбыз. Жанжал БҰҰ Қауіпсіздік қарарына және басқа да халықаралық құжаттарға сәйкес бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Біз ешбір жағдайда біреудің Қазақстандағы бейбітшілікті бұзғанын қаламаймыз. Егер Біз Қазақстанды бауырлас ел деп айтатын болсақ, онда біз бұл елдегі бейбітшілікті көздің қарашығындай қорғауымыз керек, - деді елші. 

Дипломат Әзербайжан тарапының Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің бұзылғанын қаламайтынын атап өтті. 

Біз Қазақстандағы әзербайжан және армян өкілдерінің арасында қандай да бір кикілжіңнің болуына жол бермейміз. Мүддеміз бұл емес. Біз әзербайжан диаспорасын мұндай жағдайды болдырмауға шақырдық, - деді ол.

Рашад Мамедов Қазақстан Таулы Қарабақтың Әзербайжаннан бөлінуін ресми мойындамағанын және республиканың тұтастығын жақтайтынын атап өтті. Сонымен қатар, қазір Қазақстан аумағында Армения мен Әзербайжан шекарасындағы қақтығыс туралы жалған ақпарат таратылып жатқанын еске салды.

Қазір Армения тарапынан дезинформация жүріп жатыр. Бұл қақтығысқа өте мұқият қарау керек. Әзербайжан Армениямен шекарада әскери іс-қимыл жүргізбейді, соғыс қимылдары Әзербайжан Республикасының ортасында жүріп жатыр. Біз өз аумағымызды босатамыз. Біз соғысты қаламадық. Бұл жөнінде барлық мінберлерден айтып келеміз, бірақ біздің әскеріміз кері шегінбейді, кеше сегіз елді мекенді азат еттік, - деді елші.

Айта кетейік, 27 қыркүйекте сағат 06:00 шамасында Армения қарулы күштері әзербайжан әскері мен шиеленіс болған жерге жақын орналасқан елді мекендерге ірі калибрлі мылтықтан, минометтерден және әртүрлі калибрдегі артиллериялық құрылғылардан оқ жаудырған болатын. Ал оның алдында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Армения қарулы күштерінің Қарабақ қақтығыс аймағындағы шекара сызығының жанында шоғырланғанын хабарлады.

Сонымен қатар, бұған дейін Қазақстанның армян-әзербайжан қақтығысына қатысты мәлімдеме жасағанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы