Қазақстан азаматы Кореяда 10 адамды өрттен құтқарды

20 Сәуір 2020, 19:26
3347
Бөлісу:
Қазақстан азаматы Кореяда 10 адамды өрттен құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшілігі Facebоok-тегі ресми парақшасында хабарлады.

23 наурыз күні сағат 23:22-де Кореядағы Қазақстан азаматы 28 жастағы Әли өзі тұрып жатқан Канвонда елді мекеніндегі Яньян аумағындағы үйлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқаған. Ол көпқабатты тұрғын үйдің екінші және үшінші қабаттарындағы дәліз терезелерін ашып, корей тілінде өрт шыққанын айтып айқайлайды. 

Апат кезінде ол өз бетінше сыртқа шығуға мүмкіндігі жоқ 50 жастағы көршісін құтқаруға тырысады, бірақ өкінішке орай, әйел түтінге тұншығып қаза тапты. Әлидің өзі де қатты күйік алған, бірақ өрт сөндірушілер мен полиция келген кезде ол оқиға орнынан кетіп қалған. Әлидің әрекетінің арқасында 10 адам өрттен аман қалды. Көршілері қазақстандық азаматты  ауруханаға апарған кезде оның елде заңсыз жүргендігі белгілі болады. Жасаған жақсылығы үшін көршілері Әлиге аурухана шотын төлеп берген (медициналық сақтандырусыз емдеу құны шамамен, 7 миллион вон / 20 миллион теңге), - делінген хабарламада. 

Ал 16 сәуірде Әли бұл елдегі заңсыз мәртебесі туралы иммиграциялық қызметке өз еркімен хабарласады, енді ол 1 мамырға дейін елден кетуі тиіс.

Қазір көршілері Әлидің басқаларды құтқару кезінде зардап шеккен адамдарға берілетін компенсация пакетін алып беруге тырысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы