Қазақ тілін дамытқымыз келсе, тіл шеруін өткізуіміз керек – Хасен Қожақмет

9 Қазан 2019, 14:31
2604
Бөлісу:
Қазақ тілін дамытқымыз келсе, тіл шеруін өткізуіміз керек – Хасен Қожақмет
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тілді дамытқымыз келсе, алдымен көшедегі жазбаларды тексеруден бастауымыз керек. Әр облыстың көшесімен жүріп, қате жазылған жері болса көрсетіп, мемлекеттік тілде жазылмаған жері болса, ескерту жасаудан бастауымыз қажет. Бұл туралы қоғам қайраткері Хасан Қожақмет Алматыда өткен конференция кезінде айтты. 

Жиын барысында баяндама жасаған қоғам қайраткері 1989 жылы қыркүйекте ҚазКСР-ның тіл жөнінде қабылдаған заңына биыл 30 жыл толғанын айтып өтті. 

"Ол кезде қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып еді. Қазақ тілінің өз жерінде қаншалықты қағажау көргенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Сондықтан қазақ тілінде заң қабылдау аса қажет болды. 1986 жылы миллионнан аса тұрғыны бар Алматы қаласында қазақша оқытатын 1 ғана интернат-мектептің болуы Ана тіліміздің ахуалын көрсетсе керек. Қазақ тілінің жанашырлары сол кезде талай есіктің табалдырығын тоздырып, қазақ мектептері мен балабақшаларының ашылуына күш салды”, - деді ол.  

Сонымен қатар, ол қазақ тілі мәселесін көтергені үшін 1977 жылы сотталып шыққанын да жеткізді. 

"1986 жылы қазақ жастарының Желтоқсан кезінде көтерілуі өз ана тілінде сөйлеу мүмкіндігінің шектелуі болған. Сол қорлану әлі жалғасып келеді", - деді ол. 

Сөз арасында ол өзге ұлттардың қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытпай отырған тағы бір себебі – оған азиялық тіл деп қарауы мүмкін екендігін айтты.

"Осы тұрғыда мен "Славян тілі көне түрік тілінде қалыптасқан" деген еңбекті жазып шықтым. Оны Ресейге апарып та таныстырдым. Көпшілігі оны жақсы қабылдады. Мұндағы ойым қазақ тілі сендерге жат емес, жақын тіл дегенді түсіндіру, осылайша біздің тілге деген көзқарастарын өзгерту еді", - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы