Қазақстандық спортшылар бастаған флешмоб кеңінен таралып жатыр 

20 Маусым 2020, 16:12
1935
Бөлісу:
Қазақстандық спортшылар бастаған флешмоб кеңінен таралып жатыр 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оны Instagram желісінде Халықаралық Олимпиада күні қарсаңында жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин және фристайл-могулдан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева бастаған еді, деп хабарлады Olympic.kz. 

Бұл бастамаға спорттық және көркем гимнастика, бокс, фристайл-акробатика, күрес, су добы, әртістік жүзу және басқа да спорт түрлерінің өкілдері қосылды. Спортшылар қазақстандықтарды карантин ережелерін сақтауға және белсенді болуға шақырады. Бүгінде флешмоб 120 мыңнан астам қаралым жинады.

Қысқа ғана бейнероликте қазақстандық синхроншылар "Үйде отыр" әніне алты спорт түрін қимылмен көрсетеді.

Флешмоб авторларының айтуынша, қазақстандықтар кез келген олимпиадалық спорт түрін таңдай алады, ешқандай шектеу жоқ. Флешмобты бастаған споршыларды қайталауға немесе өз қимылдарын ойлап табуға болады. Ең бастысы, көрсеткен қимылдардың оқырмандарға түсінікті болуы шарт. 
 
"Көмектескің келсе – үйде отыр" флешмобының айтар ойы айтпаса да түсінікті. Осы бейнежазбамен Олимпиада күнін атап өтуді қолдап, қазақстандықтарды карантин кезіндегі маңызды ережелерді сақтауға шақырамыз. Бүгінгі күннің батырлары саналатын дәрігерлер, полицейлер мен күшейтілген режимде жұмыс жасап жатқандар біз сияқты жақындарымен үйлерінде отыра алмайды. Біз оларға үйімізде болу арқылы көмектесе аламыз. Ал жаттығулар мен тұрақты түрде спортпен шұғылдану иммунитетті күшейтуге, белсенді болуға ықпал етеді. Біз бірнеше ай оқшаулау кезінде үйде болдық. Қазір оқу-жаттығу жиынында карантиндеміз. Үйде де жаттығуға болатынын сеніммен айта аламыз. Сондай-ақ, Ұлттық олимпидалық комитетпен бірге спортшылар өз жаттығуларынан бейнероликтерімен бөлісуде. Жанкүйерлерді Олимпиада күніне белсенді қатысып, биыл онлайн форматында өтетін әлемдік олимпиада қозғалысының бір бөлігі болуға шақырамыз, - дейді спортшы Екатерина Немич. 

Айта кетейік, биыл Олимпиада күнін атап өту толықтай онлайн түрінде өтеді. Олимпиада қозғалысының басты мерекесіне арналған шаралар бір апта бойы жалғасып жатыр. 21 маусымда Ұлттық Олимпиадалық комитет атақты спортшылардың қатысуымен тікелей эфирде онлайн-марафон өткізеді. 
Халықаралық олимпиада күнін онлайн форматта өткізу жалғасып жатқан пандемия кезіндегі ең дұрыс шешім болды. Ұлттық Олимпиадалық комитет үшін ең маңыздысы - спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Ал әрбіріміз үшін жақындарымыздың денсаулығы маңызды. 20-21 маусымдағы шектеу шараларын қолдай отырып, демалыс күндерін мейлінше пайдалы өткізуді ұсынамыз. Қазақстанның олимпиадалық отбасына қосылыңыз. Олимпиада күніне арналған шараларға қатысып, балаларыңызбен бірге онлайн-марафонды тамашалап, уақытыңызды еліміздің мықты, танымал спортшыларымен өткізіңіз. Отандастарының қолдауы әрқашан біздің спортшылар үшін ең мықты мотивация екені белгілі. Сондықтан өзіміздің басты мерекемізді сіздермен өткізгіміз келеді. Спортшылардың көбінде оқу-жаттығу жиындары басталды. Бірақ олар барлық ережені сақтап, спорттық базаларда қатаң оқшаулау режимінде дайындалып жатыр. 21 маусым күні біз оларды әлеуметтік желі мен онлайнда біріктіріп, үйімізде Олимпиада күнін атап өтеміз, - дейді ҚР ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков. 
Халықаралық Олимпиада күніне қатысты барлық ақпарат Olympic.kz сайтында жарияланған. Конкурстар туралы сайт немесе @Olympickz әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады. 




Өзгелердің жаңалығы