Қазақстанда браконьерлер тағы да қорықшыларды атты

23 Шілде 2019, 15:59
2118
Бөлісу:
Қазақстанда браконьерлер тағы да қорықшыларды атты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақмола облысы Жарқайың ауданын барлау кезінде "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. 

"23.07.2019 жылы сағат 11:00 шамасында Ақмола тірек пункті "Охотзоопром" ӨБ РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары Ақмола облысының Жарқайың ауданында экологиялық заңнаманың бұзылуын анықтау және алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізу кезінде ақбөкендерді ату фактісін анықтады.

Барлау кезінде ақбөкеннің ауланғаны анықтаған қорықшылар "Нива" көлігін мінген браконьерлердің соңына түседі. Көліктің мемлекеттік нөмірі қандай екені әзірге белгісіз. Қолда бар мәлімет бойынша, автомобиль Қостанай облысында тіркелген. "Нива" көлігінен оқ атылып, салдарынан екі инспектор жарақат алды. Инспекторлардың бірі ес-түссіз жағдайда", - деп хабарлады Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ, ол аталған әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған келесі бір хабарламасында 1976 жылы туған "Охотзоопром" инспекторының қаза тапқанын мәлімдеді.

"Охотзоопром" РМҚК-ның инспекторы Державинск қаласының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілген кезде кеудесінен оқ жарақатынан қаза тапты. Қазіргі кезде екінші инспекторға ота жасалып жатыр", - деп хабарлады Сәкен Ділдахмет.

Айта кетейік, 2019 жылдың 13 қаңтарында Қызыл кітапқа енген құнды жануарларды қорғаймын деп Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиев кісі қолынан қаза тапқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы