Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығы нығая түспек

18 Қыркүйек 2019, 07:10
1605
Бөлісу:
Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығы нығая түспек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Корея Республикасына ресми сапармен барды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Оңтүстік Корея басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді, атап айтқанда премьер-министр Ли Нак Ён, Ұлттық Ассамблеяның (Парламент) спикері Мун Хи Сан, БҰҰ экс-Бас хатшысы Пан Ги Мун, сондай-ақ сыртқы істер министрі Кан Ген Хва мен Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Момен келіссөздер жүргізді.

Кездесулер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібінің ағымдағы мәселелерін, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық және өзара іс-қимылдың басқа да салаларындағы қатынастарды дамыту перспективаларын, сондай-ақ Корей түбегіндегі жағдайды талқылады.

Корей Үкіметінің басшысымен келіссөздер барысында тараптар жоғары деңгейде саяси диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Корея Республикасы біз үшін Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестердің бірі болып табылады және біз саяси өзара іс-қимылымыздың деңгейі осы мәртебеге сәйкес келетінін қанағаттанушылықпен атап өтеміз», - деді Б. Атамқұлов.

Қазақстан СІМ басшысы корей тарапын елдегі маңызды ішкі саяси үдерістер туралы хабардар етті және Қазақстан бұрынғыдай Оңтүстік Кореямен өзара тиімді қарым-қатынасты кеңейтуге және нығайтуға ұмтылатын болады деп сендірді. Жаңадан сайланған Мемлекет басшысы тәжірибелі саясаткер және танымал дипломат болып табылатын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Корей қарым-қатынастарының сабақтастығы мен жоғары серпінін сақтайды.

Биылғы жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті орнатуға 10 жыл толады. Осы жылдың сәуір айында болған Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инның Қазақстанға мемлекеттік сапары осы кезеңнің маңызды индикаторы болды.

«Сіздің еліңіз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өз экономикасын ырықтандыруда үлкен табыстарға қол жеткізіп, енді оны өркендеу күтіп тұр. Біз Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз», - деді премьер-министр Ли Нак Ён.

Ұлттық Ассамблеяда тараптар парламентаралық байланыстар мәселелерін талқылап, оларды нығайту, саяси диалогтың жоғары деңгейін қолдау және заң шығару қызметі саласында тәжірибе алмасу қажеттілігі туралы келісті.

Корея Республикасы мен Ресей Федерациясы бастамашылары болып табылатын «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» атты Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің жиналысына дайындық жұмыстары талқыланды. Ұлттық Ассамблеяның төрағасы Мун Хи Сан осы жылдың 23-24 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін аталған жиналысқа өзінің қатысуын тағы да растады. Сонымен қатар, қазақстандық тарап корей тарапына іс-шараны ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.

БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу достық жағдайда өтті. Сұхбаттасушы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы лебізін білдіріп, бүкіл әлем сыйлайтын саясаткер ретінде оның баға жетпес талантын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Елбасының ядролық қарудан бас тарту шешімі адамзат тарихына енгені сөзсіз. Корей дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттік қызметке сайлануымен құттықтап, онымен халықаралық беделді ұйымда қызметті бірге атқарған БҰҰ құрылымындағы

Қазақстанның жарқын өкілдерінің бірі болғанын атап өтті. Қазақстан СІМ басшысы қазақстандық басшылықтың атынан жылы лебізін білдіріп, Пан Ги Мунға еліміздің сыртқы саяси бастамаларына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Қазақстан мен Оңтүстік Корея СІМ басшыларының келіссөздері барысында тараптар екіжақты және халықаралық өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды салыстырды», олардың көпшілігі бойынша ұстанымдардың ұқсастығын атап өтті.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында ешқандай саяси келіспеушіліктер жоқ, халықаралық ұйымдар мен көпжақты форумдар шеңберінде сындарлы өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Қазақстан СІМ басшысы қазақстандық тараптың Корея Республикасымен ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға ерекше мән беретініне назар аударды. Тараптар алдағы іс-шаралар кестесін, атап айтқанда ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанда өтетін «Орталық Азия - Корея Республикасы» форумына дайындық барысын талқылады. Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Момен кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастыққа назар аударылды.

Корея біз үшін ең басым елдердің бірі, сондай-ақ Азиядағы екінші сауда серіктесі болып табылады. Тауар айналымы мен инвестициялық ынтымақтастықтың белсенді өсуі өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсетеді. 2018 жылы тауар айналымының көлемі 4 млрд АҚШ долл құрады, ал 2019 жылдың бірінші жартысында 2,7 млрд. долларға жетіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен екі есе артық екенін көрсетеді. Корея тарапы еліміздегі инвестициялық ахуалды жетілдіру саясатымен егжей-тегжейлі танысып, Қазақстан экономикасына белсенді инвестиция салуға шақырды. 2005 жылдан бастап 2019 жылдар аралығында Корея ҚР экономикасына 5,3 млрд. доллар салды.

Тараптар Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған «Жаңа жел» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жұмыс тобының қызметі мәселелерін талқылауға егжей-тегжейлі тоқталды. Топтың бірінші отырысын қыркүйек айының соңында Қазақстан астанасында өткізу жоспарланып отыр, оны үйлестіруді Қазақстан тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ал корей тарапынан - Сауда, индустрия және энергетика министрлігі жүргізеді.

Сонымен қатар, Қазақстан СІМ басшысы Оңтүстік Кореяның ірі бизнес өкілдерімен, атап айтқанда «Kolon», «Samsung Electronics», «Doosan Heavy Industry», «Hyosung Corporation Group» және «Hyundai Heavy Industries» атты компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Корей кәсіпкерлері машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және мұнай химиясы салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті.


Өзгелердің жаңалығы